«Мәңгілік»: Нұр-Сұлтанда қазақ әйелдеріне арналған муралдар пайда болды
Таяудан бері елордамыздың қасбеттерінде қала тұрғындарының назарын аударатын түрлі граффити мен кескіндемелер пайда бола бастады. Бұл жолы суреттеу өнерінің хас шеберлері қазақстандық әйелдерге арналған муралды жасап шығарды. Кескін «Tse Art Destination» заманауи өнер галереясының Инстаграм парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Мәңгілік» атты муралдың авторы – Бейбіт Әсемқұл.
«2020 жылы біздің елорданың қасбеттерінде әдетте сирек кездесетін әйелдерге кескінін салар уақыт келді. Дәстүрлі көшпелілер мәдениетінде әйелдердің рөлі ерекше болған. Олар ошақ иесі болумен қатар, ел басына күн туғанда атқа қонып, жауынгерлік қырын да таныта білген. Көптеген фольклорлық шығармаларда жауынгер бейнесіндегі әйелдер туралы аңыздар айтылады. Бұл көшпелі мәдениеттегі әйелдердің өзін-өзі тану үшін түрлі мүмкіндіктерге ие болғандығын дәлелдейді», – делінген хабарламада.
Жоба авторларының айтуынша, шығарма жеке тарихи тұлғаға емес, қазақ әйелдеріне арналған. Кескінде сәукеледегі жас келіншек пен кимешегі ұзартылған, жүзінен даналық рухы ескен әйел бейнеленген. Мифология мен мәдениет арқылы суретші Бейбіт Әсемқұл барлық аналар мен балаларды қорғайтын Ұмай ананың бейнесін жасап шығарған.
«Бұл жұмыстар «Мәңгілік» сериясы бойынша жасалған. Мен жобаны 2016 жылы ойластырған едім. Оны анама және барлық қазақстандық нәзік жандыларға арнадым. Серия бойынша монументальды мурал салуды ұсындым. Біз көбінесе ерлердің тұлғасына назар аударамыз. Енді әйелдерге құрмет көрсететін кез келді», – дейді суретші Бейбіт Әсемқұл.