Economy

Бағалар дерекқоры Қазақстанға шамамен 200 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді

Мемлекеттік қаржыны цифрландыру аясында бақылау-кассалық машиналардың деректерін қадағалауға және берілген чектерді қалалар, аудандар мен облыстар бөлінісінде талдауға мүмкіндік беретін цифрлық карта енгізіліп жатыр. Бұл мәліметтер бюджет шығыстарымен салыстырылып, өңірлердегі экономикалық теңгерімді бағалауға жол ашады. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Бұл жерде біз кассалық тәртіптің барлық жерде бірдей жоғары деңгейде емес екенін көріп отырмыз. Мемлекеттік кірістер комитеті кассалық тәртіпті жақсарту мақсатында өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл көптеген процестің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Мемлекеттік кірістер комитетінің шағын және орта бизнеспен өзара іс-қимылын да жақсартуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Әсет Тұрысов.

Фискалдық чектердің деректерін сауда және ауыл шаруашылығы сияқты жекелеген салаларды талдау үшін де пайдалану жоспарда бар. Бұл нақты аудандардағы тауарлардың орташа бағасын бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ә. Тұрысов Қазақстанда тауар айналымының ашықтығын арттыру үшін Ұлттық тауарлар каталогы іске қосылғанын атап өтті. Қазір онда 33,5 млн тауар позициясы бар. Тауар карточкаларын өңдеу кезінде жасанды интеллект қолданылады. Бұдан бөлек, жүйе электрондық шот-фактуралар мен кедендік декларациялар туралы мәліметтерді қамтиды.

«Фискалдық деректер туралы барлық мәліметті жинақтап, Ұлттық тауарлар каталогын енгізу арқылы Қаржы министрлігінде бағалар дерекқоры жобасы іске асырылып жатыр. Бұл – нарықты талдау жүйесі. Біз фискалдық чектер мен шот-фактуралардан, сондай-ақ Kaspi, Halyk сынды танымал онлайн-платформалардан және басқа да сауда алаңдарынан деректер жинаймыз. Бағаларды салыстырып, орташа мәнін анықтаймыз. Бағалар дерекқоры мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізілді. Соның нәтижесінде шамамен 200 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды», – деді Әсет Тұрысов.

Алдағы уақытта бағалар дерекқорын кеңейтіп, оны тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде белсенді пайдалану көзделіп отыр. Бұл есептеулердің дәлдігін арттырып, коммерциялық ұсыныстарға тәуелділікті азайтуға тиіс.

Вице-министр кеден саласында қолданылатын KEDEN цифрлық жүйесіне де жеке тоқталды. Алдағы уақытта оның функционалын жасанды интеллектіні қолдану арқылы дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жүйе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) кодтарын айқындауға көмектеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button