
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Ағымдағы ахуал және алдағы жоспарлар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика және мұнай-газ салалары кәсіпорындарының сатып алуларына қазақстандық өндірушілердің қатысуы туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және отандық өндірушілерді қолдау шаралары туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, цифрлық технологиялар саласындағы өндірісті дамыту туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндама жасады. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде отандық өндірісті дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу және өнеркәсіптің мүмкіндігін арттыру бойынша нақты міндет қойды. Осы орайда өнеркәсіп саласындағы тұрақты өсімді сақтап, өндіріс көлемін одан әрі арттыру маңызды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба жүзеге асырылды. Қалған жобалар аяқталуға жақын, іске қосуға дайындалуда. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, жаныштау жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.
Мемлекеттік қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Тізілімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді. Қосымша өнімнің нақты елде өндірілетінін растау және бақылау тетіктері жетілуде.
«Осы мақсатта өндірісті цифрлық тексеру және локализацияға қойылатын талаптар күшейеді. Сондай-ақ кәсіпорындардың қызметін талдау үшін жасанды интеллект, өндіріс қуат жүктемесін бақылау үшін цифрлық дашборд енгізу жоспарлануда. Отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – реттелетін сатып алу кезінде қазақстандық өнімдерге басымдық беру. Мемлекеттік сатып алу аясында осы тетіктің арқасында отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 122 млрд теңгеге жуық 83 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді шарт пен офтейк-келісім-шарт жасау тәжірибесі дамып келеді. Өткен жылдан бері 2,5 мыңнан астам ұзақ мерзімді шарт және 707 офтейк-келісімшарт жасалды», — деді ол.
Отандық өнімге деген сұраныс Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында да артып келеді. Ұлттық жоба шеңберінде құбырлар, кабель-сым өнімдері, бетон, арматура, электротехникалық жабдықтар және басқа да өнім бойынша 144 келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар ел ішінде шикізатты терең өңдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде елде өндірілетін 3,4 млн тонна мыс концентратының шамамен 59%-ы елімізде өңделеді. Осы шикізат көлемін толық игеру үшін екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріншісі – заңды жетілдіру. Мыс концентратын өңдеуді ынталандыру мақсатында тарифтерді мемлекеттік реттеу заңнамасына түзетулер әзірленді. Екіншісі – жаңа өндірістік қуаттарды дамыту. Ол үшін Балқаш пен Ақтоғайда әрқайсысының қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар мыс концентратын өндіруді арттыру үшін Көксай және Айдарлы жобалары жүзеге асырылады. Бұл жобалар қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіруді 1,5 есеге, ал мыс өндіруді 2 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл, өз кезегінде, дайын мыс өнімдерін шығаруды 2 есеге арттырып, 40 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.
«Локализацияны одан әрі дамыту үшін елімізде толық өндіріс тізбегін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта заңнамаға «салалық кластер» ұғымы енгізілді. Бұл тетік ірі кәсіпорындардың айналасына отандық өндірістерді топтастыруды көздейді. Оған шикізат, қосалқы бөлшек өндірушілер, шағын және орта бизнес, ғылыми және сервистік ұйымдар тартылады. Осы бағытта қажетті нормативтік-құқықтық актілер әзірленуде. Кластерлік шешімді сынақтан өткізу үшін пилот ретінде автомобиль және теміржол машина жасау салалары айқындалды», — деді министр.
Осы бағытта бүгінде елімізде аккумуляторлар, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен автокөлік орындықтары шығарылады. Сондай-ақ Qarmet-те шығарылатын болаттан автобус кузовына арналған бөлшектерді қалыптау жолға қойылды. Биыл автокөліктерге арналған жылыту, желдету, салқындату жүйелерін және еден жабындарын өндіру басталды. Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалтқышына арналған цилиндр блоктарын шығару игерілді. Жыл соңына дейін Қостанай қаласында қуаты 60 мың данаға дейін автокомпонент өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар Алматы қаласында автокөліктерге арналған электр сымдарын, тежегіш және отын жүйелерінің түтіктерін локализациялау жоспарлануда. Теміржол машина жасау саласында дөңгелек, вагон осьтері, бұрмалар мен рельс бекіткіштері шығарылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтар жұмысының жаңа моделі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Енді реформаны толық жүзеге асыру үшін, Салық кодексіне және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді пысықтау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, реформа үш негізгі бағытқа негізделген.
Біріншісі – аймақтарды сапалы жоспарлау. Арнайы экономикалық аймақтар құру кезінде стратегиялық және салалық басымдықтар, жер учаскелерінің болуы және инфрақұрылымның әлеуеті ескерілетін болады.
Екіншісі – басқару тиімділігін арттыру. Ол үшін инвестор тартуға, жобаларды қолдауға және инфрақұрылымды дамытатын жеке басқарушы компанияларды тарту көзделіп отыр.
Үшіншісі – инвестициялық жобаларды сапалы іріктеу.
Бұл ретте тұрақты сұранысқа ие, экспорттық әлеуеті мен өндірістік кооперацияны дамытатын жобаларға басымдық беріледі.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа өндірістерді ашу кезінде нарық сұранысын, әр өңір мен саланың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамыту қажеттігін атап өтті. Осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік өндіріс қуаттарының балансын бағалау тетігін енгізіп, қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдады, өндірісті бағалау әдістемесін бекітті. Әдістемеде ішкі нарықтың сұранысы, өнімді экспорттау мүмкіндігі және өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету деңгейі ескеріледі. Осылайша, бағалау нәтижесі жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту шешімдерін қабылдау кезінде ескерілетін болады», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Құрылыс саласын дамыту жөніндегі ауқымды міндеттер отандық өндірісті және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттырумен қатар жүруге тиіс. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнімге тиесілі. Алайда жылу оқшаулағыш және керамикалық тақта, композиттік және қаптау материалдары сияқты жекелеген өнім түрлері импортқа тәуелді болып отыр. Осыған байланысты «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Ол үшін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыс саласының цифрлық жүйелерінде көрсетілуі тиіс. Басты мақсат – алдағы үш жылда ауқымды құрылыс жұмыстары аясында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу. Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау барысында отандық өнеркәсіптің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді дамытуға және қазақстандық тауарлардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырады.



