«Шығыс Салбурыны – 2026»: Азия кубогіне қатысатын қырандар тіркелді

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында құсбегіліктен «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі басталды
Биыл дәстүрлі дода аясында алғаш рет Азия кубогінің жүлделері сарапқа салынады. Жарыстың алғашқы күні мандаттық комиссия отырысы өтіп, сайысқа қатысатын қыран құстар тіркеуден өтті.
Мандаттық комиссия жұмысы барысында құстардың жарыс талаптарына сәйкестігі тексерілді. Нәтижесінде үш сайыс бағыты бойынша барлығы 174 құс тіркеуге алынды. Оның 103-і – бүркіт, 38-і – ителгі, 33-і – қаршыға. Сондай-ақ жеребе тарту рәсімі өткізіліп, құсбегілердің жарысқа шығу кезектілігі анықталды.
Биылғы халықаралық бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Түркия, Испания, Мажарстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстанның спортшылары қатысады. Қазақстан атынан Астана мен Алматы қалалары және 11 облыстың құсбегілері жарыс жолына шығады.
Негізгі бәсеке 9–10 қазанда Ұлан ауданының Бозанбай ауылы маңындағы «Бүркіт төбе» алаңында өтеді. Екі күн бойы құсбегілер бүркіт, ителгі және қаршыға салудан өзара мықтыны анықтайды.
Турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау көрсетуде.



