5G станциялар, iKomek, QalaQyzmet: елордада цифрландыру саласында қандай бастамалар жүзеге асты
Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Бексұлтан 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ведомство өкілінің мәліметінше, қауіпсіздікті арттыру мақсатында қалада жалпы саны 15 039 камера орнатылып, оның бір бөлігі полицияның жедел басқару орталығымен біріктірілген.
Сол сияқты iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы елорда тұрғындарына қолжетімді әрі тиімді қызмет көрсету орталығына айналды. 2024 жылы орталық мамандары 2,2 миллион өтініш пен 438 мың оқиғаны өңдеді. Күн сайын 5-8 мыңға дейін өтініш түседі, олардың басым көпшілігі бірден шешімін табады.
«QalaQyzmet» қалалық қызмет көрсету орталығы 2024 жылы 200 мыңнан астам қызмет көрсетті. Бүгінде тұрғындар орталық кеңселерінде және онлайн-платформалар арқылы 120 түрлі қызметті ала алады.
Сонымен қатар, өткен жылы «Birge» қалалық қызметтер порталы іске қосылды. Онда 30 мыңнан астам өтініш өңделіп, 25 мыңнан астам кеңес берілді.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Smart Astana» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Ол қала өмірінің түрлі саласын қамтитын 70-тен астам қызметті ұсынады. Қазіргі уақытта қосымшаны 30 мыңнан астам адам белсенді қолданады. Бұл қызметтер қатарында коммуналдық төлемдер, дәрігерге жазылу және басқа да қажетті мүмкіндіктер бар.
Бұған қоса, 2018 жылдан бері 2 000-нан астам қатысушыны қамтыған STEM олимпиадалары өткізіліп келеді. 2024 жылы IT өнімдерін жасауға үйрететін жаңа білім беру жобасы – «Capital No-Coders» іске қосылып, оған 200-ден астам оқушы қатысқан.
Елордада интернет инфрақұрылымын жаңғырту аясында 22 нысан жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, 5G желісі бар базалық станцияларының саны 262-ге жетті. Бұл қадамдар тұрғындар мен бизнес үшін тұрақты әрі жылдам интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді Қуандық Бексұлтан.
2024 жылғы маңызды жетістіктердің бірі – қалалардың өмір сүру сапасы мен тұрақты дамуын бағалайтын ISO 37120 халықаралық стандартының енгізілуі болды. Астана білім беру, денсаулық сақтау, экономика және қауіпсіздік сияқты 19 негізгі сала бойынша 128 көрсеткіш негізінде бағалаудан өтті.
«2024 жылы басқарма цифрландыру бағытында маңызды жетістіктерге жетті. Бұл нәтижелер тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Инновациялық технологияларды енгізу жұмыстары 2025 жылы да жалғасады. Бұл жұмыстар Астананы одан әрі қауіпсіз әрі жайлы қала етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.