Салық органдарына келу уақытын онлайн брондауға болады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
«Егер сіз қызметтерді уақытында алғыңыз келсе, бірақ кезекте тұруға уақыт жоқ болса, әсіресе коронавирустық пандемия жағдайында шығудың жолы бар. Салық органдарына келу уақыты мен күнін онлайн брондау енді браузерде ғана емес, сонымен қатар «e-Salyq mobile» мобильді қосымшасында қолжетімді» деп мәлім етті комитеттен.
Бұл қосымшаны смартфонға (Google play және App Store-дан) жүктеп алып, өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта сапарды жоспарлауға болады.
Сонымен қатар, қызметті алғаннан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жүргізілетін сауалнамаға қатыса аласыз.
«Мақсат – қызметтегі осалдықтарды анықтау және ұсынылатын қызметтің сапасын арттыру»,-делінген хабарламада.