Басты

ШҚО-да геологиялық барлауды күшейту бойынша жұмыс тобы құрылады

Шығыс Қазақстан облысында 17-20 жылға ғана жететін пайдалы қазбалар қоры қалды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

«Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовпен бірге өңірдің минералдық-шикізат базасын дамыту бойынша жиын өткіздік. Өңірден барлық минералдық шикізат түрі анықталған десек болады. Алтын, күміс, мыс, цинк, қорғасын, титан, барит және жер асты суларының үлкен қоры Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Өңірде 17-20 жылға ғана жететін пайдалы қазбалар қоры қалды. Сондықтан геологиялық барлау жұмысы көлемін ұлғайтуымыз қажет»,- деп атап өтті министр.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, бұл бағытта заманауи технология әдістерін қолдану маңызды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады.

«Облыс әкімімен барлауды күшейту, қосымша қаржы тарту мәселесі бойынша Жұмыс тобын құруға келістік. Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кіреді. Жастарды геология саласына тартып, баулу да аса маңызды. «Қазгеология» компаниясы Шығыс Қазақстанның жергілікті жоғары оқу орындарымен әріптестікті күшейтеді»,- деп жазды министр.

Атап өтейік, Экология министрі қазір жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында жүр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button