KazAgro/KazFarm көрмесіне әлемнің 30-ға жуық елінен 120-дан астам компаниялар мен ұйымдар келді
Көрменің басты мақсаттарының бірі – коронавирустық пандемияға байланысты үзілген агроөнеркәсіптік кешен өкілдерінің іскерлік байланыстарын қалпына келтіру.
«Үзіліске байланысты инновацияларға, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстарға деген қажеттілік сезіледі. Әлеуетті серіктеспен тікелей диалогқа кіру мүмкіндігі қазір біздің барлық қатысушыларымызға қажет», – деп атап өтті «ExpoGroup» көрме компаниясының директоры Шолпан Қожабаева.
Осыған байланысты көрме жай ғана көрме емес.
«KazAgro/KazFarm көрмесіне әлемнің 30-ға жуық елінен компаниялар мен ұйымдар келді. Шетелдік қатысушылар көрме басталғанға дейін әріптестерімен, шаруалармен кездесулер өткізеді. Кейбіреулер министрліктерде келіссөздер жүргізуде, басқалары фермаларға шақырылды, олар қазір сол жерде. Көрмеден кейін көптеген адамдар аймақтарға барады. Бұл дәстүр. Сондықтан көрме тек Нұр-Сұлтанда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша өтеді деп есептеймін», – дейді Ш.Қожабаева.
Ертең Нұр-Сұлтан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі ауылшаруашылық көрмесі KazAgro/KazFarm басталады. Ресми ашылуы сағат 11.00-де EXPO халықаралық көрме орталығының алдындағы алаңда өтеді. Іс-шара үш күн, яғни 20-22 қазан жоспарланған.
Экспонаттар дәстүрлі түрде үш негізгі санат бойынша өтеді: ауылшаруашылық техникасы, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы. Сонымен қатар, биылғы жылы ғылым мен инновацияға ерекше назар аударылды. Көрмеге қатысушылар Қазақстанның аграрлық саласы үшін ең өзекті ноу-хау мен ғылыми жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ конференцияларда ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ білім беру, атап айтқанда құрғақшылықты реттеу және жемшөп өндірісін арттыру сияқты өзекті тақырыптар бойынша семинарлар қйымдастырылады.