Eco

Аралдың Қазақстан жағындағы түбіндегі миллион гектар сексеуіл орманы

Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанында 2025 жылға дейін жалпы аумағы 1,1 млн. га жерге орман мелиорациялық екпелер егу міндетін қойды. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сексеуіл шығымын барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары (негізгі әдістері механикаландырылған себу және отырғызу) негізінде жүргізіледі. Өйткені, Арал теңізі түбінің қазақстандық бөлігі өзбек тарапының аумағына қарағанда тұзды.

Ғылым 3 типті топырақта сексеуіл, 4 типті топырақта галофитті өсімдіктер (қарабақ, сарасазан) егуді (отырғызуды) ұсынады.

Арал теңізінің түбінде сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағы зерттелді.

Аралдың құрғаған түбінде екпе жұмыстарын жүргізу үшін тұқымдарды егуге және өсіруге дайындау инфрақұрылымы жасалып, қажетті арнайы техника сатып алынды.

Осылайша, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің күшімен соңғы үш жылда 544,5 мың га орман егілді. Биыл тағы 275 мың гектар жерге екпе жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескере отырып, министрлік халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорымен (ХАҚҚ), Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен (GIZ), АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен (USAID), Корея Орман қызметімен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.

2021 жылдың жазы мен күзінде Өзбекстан мен Қазақстан мамандары Арал теңізінің түбіне сексеуіл мен басқа да ағаштарды отырғызу бойынша тәжірибе алмасты. Сапар қорытындысы бойынша Арал теңізі өңіріндегі орман шаруашылығы саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін меморандумға қол қойылды.

Сексеуілді тұзды және құмды топырақтарға отырғызу үшін ғылым түрлі технологияларды қолдануды ұсынады. Ол үшін 150 га аумақта тәжірибелік учаске құрылып, жабық тамыр жүйесімен отырғызу және өсу стимуляторларын (гидрогель) пайдаланып тұқым себу сияқты әдістер қолданылып келеді.

Отырғызу материалының тез бейімделуі және шығымының жоғары болуы үшін жақын арада Арал теңізінің түбінде ауданы 33 га орман питомнигінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл питомник елордалық «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК үшін тәжірибелік алаң ретінде жұмыс істеп, онда орман тұқымдарының генетикалық банкі, оның ішінде Арал теңізінің түбіндегі қолдан жасалған ормандардың негізгі түрі болатын сексеуіл тұқымдары сақталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button