Елордада 20 гектар жерді алып жатқан Кіші Талдыкөл су айдыны сақталып, зиянды заттардан тазартылады. Оның сулы-батпақты жерлері тазартылып, сақталатыны туралы елорда әкімдігінде өткен онлайн-брифингте айтылды.
«Кіші Талдыкөл суын құрғатып, жою туралы мәселе ешқашан қозғалған емес. Оның сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, аумағы абаттандырылады. Бұл ауданда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынады: мектеп, аурухана, балабақша және т.б. Себебі елорда қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес дамып келеді. Тағы да қайталап айтайын, сулы-батпақты нысанды құрғату мәселесі қаралмайды. Қазір абаттандыру, қалпына келтіру, түбін тереңдету жұмыстары назарға алынады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваның айтуынша экологтардың зерттеуіне және Кіші Талдыкөл сулы-батпақты объектісінен алынған сынамаға сәйкес зиянды заттардың шоғырлану нормалары айтарлықтай артқанын көрсетті. Сонымен қатар ыдырайтын заттар жағымсыз иіс шығарады. Бұл өз кезегінде жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына ыңғайсыздық тудырады.
«Талдыкөл көлі (үлкен Талдыкөл) мен Кіші Талдыкөл бір-бірімен байланыспайды және жер үсті ағыны арқылы өзара қосылмайды, өйткені Талдыкөл көлінің ағынды бөгеттері оған кедергі келтіреді. Сол сияқты жер асты сулары арқылы да өзара қосылуы мүмкін емес. Өйткені бұл орындағы топырақ құрамы өзгеше, су өткізу көрсеткіші төмендеу. Кіші Талдыкөлдегі судың ластану дәрежесі «өте лас» болып саналады. Естеріңізге сала кетейін, аумақты абаттандыру, урбанизация жұмыстары жүріп жатыр. Маңайына саябақ салынады, су тазартылып, сақталады, нәтижесінде жағымсыз иісі жоғалады», – деп түсіндірді Әлия Қожабаева.
«Байтақ Болашақ» РҚБ президенті Азаматхан Әміртаев қала тұрғындарын жобаны қолдауға шақырды.
«Кіші Талдыкөл о баста батпақты жер болған. Қалада ластанған көлдер болмауы керек. Бұл БҰҰ-ның экостандартына сәйкес жазылған. Сондықтан батпақты жерлерді абаттандыру – бұл эколог ретінде біз қолдайтын дұрыс шешім. Қала тұрғындарын осы жобаны қолдауға шақырамыз», – деді ол.