BusinessSocialБасты

Даниал Ахметов әкімдерді шағын және орта бизнесті қолдауға шақырды

Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарының әкімдерін шағын және орта бизнесті қолдауға шақырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақтың қалалары мен аудандарының басшылары облыс әкіміне аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мәселелері бойынша есеп берді.

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында пандемияның кедергісіне қарамастан, көптеген салада көрсеткіштердің өскенін айрықша атап өтті. Әсіресе бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына қатысты. Сондай-ақ, инвестиция мен бюджетке түсетін салықтың көлемі де өскен.

«Пандемияға қарамастан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7%-ға өскені қуантады», – деді Д.Ахметов.

Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары мен Жарма және Күршім аудандарының әкімдеріне өңдеу өнеркәсібі секторына ерекше назар аударуды тапсырды.

«Бұл салада Семей қаласы жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Қалғандары ширақ қимылдап, табысқа жетулері керек. Статистиканы талдап, өткен жылдан қалған жобалары бар компанияларға назар аударыңыздар», – деді ШҚО басшысы.

Екінші мәселе – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты болды. Бұл салада да жетістік бар. Бірақ, көрсеткіштердің бұдан да жоғары болуына мүмкіндік жеткілікті. Шығыс Қазақстан облысының қоржынында қарапайым заттар экономикасының 270 жобасы бар. Оның 210-ы қаржыландырылды. ШҚО республикада бұл көрсеткіш бойынша бесінші орында. Әкімнің пікірінше, алға жылжу динамикасы бұдан да жақсы болуы тиіс. Шемонаиха, Күршім, Көкпекті және басқа да бірқатар аудандар бұл мәселеге жіті назар аударулары керек. Облыс әкімі оларға белсенді түрде жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Мен өз ісін дамытқысы келетін бірде-бір кәсіпкер субсидиядан бас тартпайтынына сенімдімін. Олар қажет ақпаратты уақытында әрі оңай алулары керек. Субсидия – бұл жұмыс істеп тұрған бизнес үшін де, жаңа идеялар мен стартап-жобалар үшін де үлкен көмек. Көптеген азаматтардың ойлары дұрыс әрі мықты идеялары бар. Бірақ олар сол идеялары бойынша бизнес-жоспар дайындап, одан ары алып кете алмайды. Бұл жерде әкімдер мен кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары оларға жол сілтеп, қолдау көрсетулері тиіс. Алдағы уақытта мен әр әкіммен кездесіп, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын қорғау жөнінде сөйлесемін», – деп жазды Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button