ҚР Ұлттық Банкі 2023 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша төлем балансының алдын ала бағалауын қалыптастырды
Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша төлем балансының алдын ала бағалауын қалыптастырды.
Төлем балансының ағымдағы шоты 1,6 млрд АҚШ долл. тапшылығымен қалыптасты. 2022 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша 4,8 млрд АҚШ долл. көлемінде профицит тіркелді, деп хабарлайды Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Ағымдағы шоттың оң деңгейден теріс аймаққа ауысуы, ең алдымен, сауда балансы профицитінің төмендеуіне байланысты. Ол 58,3%-ға немесе 7,1 млрд АҚШ долларына төмендеп, 5,1 млрд АҚШ долл. құрады. Профициттің төмендеуі тауар импортының ұлғаюы аясында экспорттың қысқаруына себеп болды.
Төлем балансының әдістемесімен қалыптасқан тауар экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға қысқарып, 18,8 млрд АҚШ долл. құрады. Экспорттың төмендеуі мұнай мен газ конденсатының экспорты 25,7%-ға немесе 3,5 млрд АҚШ долл. қысқаруына себеп болды.
Төлем балансының әдістемесімен қалыптастырылған тауар импорты 41,4%-ға өсіп, 13,7 млрд АҚШ долл. жетті. Бұл – келіп жатқан импорттың барлық санатының өсуіне байланысты. Ең көп өсім азық-түлікке жатпайтын тұтыну (67,2%-ға немесе 1,4 млрд АҚШ долл.) және инвестициялық тауарларда (61,7%-ға немесе 1,1 млрд АҚШ долл.) байқалды.
Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі есепті кезеңде 7,5%-ға (немесе 0,5 млрд АҚШ долл.) азайып, 6,1 млрд АҚШ долл. құрады.
Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 0,7 млрд АҚШ долл. көлеміндегі оң сальдо (таза әкету), негізінен, мемлекеттік сектордағы операциялар есебінен қалыптасты.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, резервтік активтер (Ұлттық қордың активтерін қоспағанда) 36,2 млрд АҚШ долл. бағаланды. Бұл қазақстандық тауарлар мен қызметтер импортының 6,9 айындағы қаржыландыру қажеттілігін жабады.