Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, ел экономикасының (-2,6 пайыз) төмендеп кеткеніне қарамастан банк секторының активтері 2020 жылы 16 пайызға өсіп, соңғы 5 жылдағы рекордтық нәтижеге жеткен. Бұл орайда жиынтық қарыз портфелі 7,1 пайызға көбейген.
«Активтер өсімін қаржыландыру негізінен клиенттер депозитін тартудың арқасында болды. Экономикадағы несие өсімінің драйвері ретінде ипотекалық несиелендіруді атаймыз. Салымшылардың жүйеге деген сенімінің де өскені байқалады. Жеке тұлғалар депозиті 18, заңды тұлғалар депозиті 23 пайызға артқан» делінеді қауымдастық хабарламасында.
Банктердің цифрлану жүйесіне жылдам қосылып, өз маркетплейстері мен экожүйелерін іске қосуы қосымша табыстың келуіне серпін берген.
«Бір жағынан пандемия жағдайында клиенттердің мұқтаждығы мен тәртібі де өзгерді. Жаңа шарттарға жауап беру үшін несие мекемелері операциялық моделдерін қайта қарап, цифрлық байланыс каналдарын қабылдау саласын кеңейте түсті. Өз маркетплейстері мен экожүйелерін дамытты, бұл банк қызметіне деген қолжетімділікті арттырды. Қызметтерді, операциялық процестерді және ұйымдастырушылық құрылымдарды жедел цифрландыру қаржылық қосылуды ынталандыруға, сапалы қарыз алушылар мен қосымша пайдаға деген бәсекелестіктің күшеюі жағдайындағы нарық үлесінің артуына ықпал етті» деп жазады қаржыгерлер ұйымы.
Осылайша, екінші деңгейлі банктер дәстүрлі қаржылық өнімдер (несие, депозит) ұсыну шеңберінен шығып, халық пен бизнестің талап-тілектерін орындауға бағытталған қызметтер мен шешімдердің кең спектрін ұсынуға көшті.