Қазақстан тұрақты әуе рейстерін қалпына келтіретін елдердің тізімін ұзартуда
Қазақстан тұрақты халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіретін елдердің тізімін ұзартуда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан тұрақты халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіретін бірінші және екінші санаттағы мемлекеттер тізімі ұзартылды», – деді Сәдуақас Байғабылов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бірінші санаттағы елдерге Мажарстан, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия енгізілген.
«Бірінші санаттағы елдерден келетін жолаушыларға шектеулер жоқ. Бұдан бұрын бірінші санаттағы мемлекеттерге ҚХР, Оңүстік Корея, Жапония, Грузия мен Таиланд енген болатын. Ал екінші санаттағы елдердің тобына Мысыр, Украина, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан кіргізілді. Екінші санаттағы елдерден келетін жолаушыларға мыныдай шектеулер бар: КВИ бойынша анықтама болған жағдайда – шектеу жоқ. Ал егер анықтама болмаса оларға карантин қызметінің мамандары 48 сағаттың ішінде ПЦР-тесттен өтуі керектігі немесе 14 күндік үй карантині туралы ескерту береді», – деді Сәдуақас Байғабылов.
Анықтама 5 тәулікке жарайды.