Денсаулық сақтау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (Отбасы банкі), Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп, азаматтарға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік беретін емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесінің жобасын әзірледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
«Ережеде емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін алу тәртібі және біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызмет түрлерінің тізімі айқындалған», – деді Г.Сәрсенбаева.
Тізбеге сәйкес қазақстандықтар уәкілетті орган бекіткен тізім бойынша орфандық ауруларға қымбат ем қабылдайды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер, Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында көрсетілетін стоматологиялық қызметтерді, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, радионуклидтік және радиойодтерапияны талап ететін ауруларды түзету мақсатында реконструкциялау және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын ала алады, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протондық терапия, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту, офтальмологиялық қызметтер (көру қабілетін лазермен түзету, мультифокальді линзаларды пайдалана отырып катарактаны емдеу, ангиогенез тежегіштерін интравитриальді инъекциялар) көрсетіледі .
Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемі жеткілікті болған жағдайда, азамат медициналық қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алу үшін өзі тіркелген жердегі медициналық ұйымға жүгінеді.
Қалауы бойынша шетелдік, отандық медициналық ұйымды таңдайды және емдеу туралы шарт жасасады.
ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады.
Жеке кабинетте сомасын (бірақ қаражатты алуға рұқсат етілетіннен аспайтын), пайдалану мақсатын көрсете отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне арналған электрондық өтінішті толтырады, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұйыммен емдеу туралы шартты тіркейді және өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.
Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша құжаттарды тексергеннен кейін және сәйкес келген жағдайда оларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде азаматтың таңдаған медициналық ұйымы бойынша қаражатты аударады.
Сондай-ақ, ережеде емдеу үшін жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда тараптар жеке кабинетте туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса береді, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады.