AgroБасты

Тәуелсіз Қазақстанның Астық туралы заңнамасының қалуыптасуы мен дамуы

Астық саласындағы қызметті заңнамалық реттеу «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңын (бұдан әрі – заң) қабылдаудан басталды.

Заңда астықтың мынадай ұғымдары пайдаланылады: астық – тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшін пайдаланылатын дәнді, дәнді-бұршақ және майлы дақылдардың өнімдері, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Осы Заң Қазақстан Республикасында астықты өндiру, сақтау және сату процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi. Сондай-ақ, астық өндіру – астық өсіруге бағытталған агротехникалық іс-шаралар кешені; астықты сақтау – астық қоймасында (элеваторда, астық қабылдау пунктінде) жүзеге асырылатын, астық қабылдауды, өлшеуді, кептіруді, тазартуды, сақтауды және тиеп жөнелтуді қамтитын қызмет көрсетулердің технологиялық кешені.

Астық нарығын мемлекеттік басқару мен реттеудiң мақсаттары – техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, астық өткізу нарығын кеңейту, астық сапасын қамтамасыз ету, фитосанитариялық жағдайды қауiпсiз деңгейде ұстау, табиғи-климаттық жағдайларды және нарық конъюнктурасын ескере отырып, астық өндiру құрылымын оңтайландыру және астықты өндiру, сақтау мен сату технологиясын жетілдiру, астық өндiру iсiнде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру, астықтың қауіпсіздігіне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердің алдын алу, астықтың резервтік қорын ұстап тұруды қамтамасыз ету болып табылады.

Астық және оның өмірлік циклінің процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады. Тұтынушылардың астықтың қауіпсіздігі мен сапасына қатысты жаңылысуына әкеп соқтыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында астық нарығына қатысушылар сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға астықтың қауіпсіздігі мен сапасының көрсеткіштері туралы толық және дұрыс ақпарат беруге міндетті.

Пайдалану мақсатына қарай астық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптардың кешеніне сәйкес келуге тиіс.

Астық құрамындағы ықтимал қауіпті химиялық қосылыстар мен биологиялық объектілер, пестицидтердің және тыңайтқыштардың қалдық мөлшері, оның ішінде фумиганттар, зиянды заттар мен қоспалар, сондай-ақ ылғал техникалық регламенттерде белгіленген мәндерге жол берілген ең жоғары деңгейден аспауға тиіс.

Жер учаскелерінің иелері мен пайдаланушылары астық өндірісін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын қалпына келтіруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ осындай қызметтің қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін жоятын немесе шектейтін тәсілдермен жүзеге асыруға міндетті.

Астықты сақтау оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экологиялық, құрылыс, өрт, санитарлық-эпидемиологиялық және фитосанитариялық талаптарға сай келетін астық қоймаларында жүзеге асырылады. Астықты сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары тәуекел түрлері бойынша техникалық регламенттерде белгіленеді. Астықты тасымалдау оның қауіпсіздігі мен сапалық көрсеткіштерінің сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс. Астық құрғақ, таза, бөгде иіссіз, зиянды ағзалармен залалданбаған көлік құралдарымен тасымалданады.

Астық рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет астық өндiру мен сатуды қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады:

– отандық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне элиталық тұқым құнын уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен арзандату;

– техника мен жабдықтардың лизингiлiк жеткiзiлiмiн ұйымдастыру;

– топырақтың құнарлылығын сақтау жөніндегі ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру;

– астықты өндiру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгізуге жәрдемдесу;

– астық қолхаттарының тиiмдi айналысы үшiн жағдай жасау;

– бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге минералдық тыңайтқыштар мен жанар-жағар май материалдарының құнын арзандату;

– iшкi рыноктың мұнай өнiмдерiне деген қажеттерiн дер кезiнде қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдану;

– агроөнеркәсiптiк кешен үшiн мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес кадрлар даярлау;

– аймақтарда техникалық реттеу саласында сәйкестікті бағалау жөнінде қызметтер көрсету бойынша бәсекелестiк орта құру үшiн шаралар қолдану;

– отандық ауыл шаруашылық машина жасау iсiн жаңғырту жөнiнде шаралар қолдану.

Астық қабылдау кәсiпорындары жалпы пайдаланылатын тауар қоймасы деп танылады. Олардың астық сақтауға жасалатын шарттары жария шарттар болып табылады.

Заңды тұлға бiр немесе бiрнеше астық қоймаларында (элеваторларда, астық қабылдау пункттерiнде) астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен лицензия алуға құқылы.

Астық қабылдау кәсiпорындарының қызметтiң осы түрi бойынша біліктілік талаптарына астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі өз қызметiн жүзеге асыру едәуiр нашарлап кететiн немесе мүлде мүмкiн болмай қалатын негiзгi құралдарды иелiктен айыруына тыйым салынады.

Астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету, астық иелерінің мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде астық қабылдау кәсіпорындарының саралану талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету мақсатында астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін реттеу:

– белгiленген тәртiппен астық қабылдау кәсiпорындары орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығару;

– астық қабылдау кәсiпорындары астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын сақтау нысанасындағы қызметiн, сондай-ақ тiзiлiм деректерiне сәйкес астықтың сандық-сапалық есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етудi жүргізу талаптарын инспекциялау (тексеру);

– астық қабылдау кәсiпорындарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына заңдарға сәйкес санкциялар салу арқылы жүзеге асырылады.

Астық қабылдау кәсіпорны астықты сақтауға қабылдағанын растау ретінде астық қолхатын шығаруға арналған бұйрық негізінде тіркеуші ақпараттық жүйеде астық қолхатын шығарады. Астық қолхатында міндетті деректемелер болуы тиіс. Астық қабылдау кәсіпорындарына астық қабылдау кәсіпорнының техникалық сыйымдылығынан асып түсетін астық көлеміне астық қолхаттарын шығаруға тыйым салынады.

Заңға бірнеше рет өзгерістер енгізілген.

Өзекті түзетулер «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 21 желтоқсандағы ҚР заңымен енгізілді, онда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде елді азық-түлік астығымен кепілді қамтамасыз ету, астықтың резервтік қорын сақтау бойынша астық нарығы бойынша оператордың шығыстарын өтеу, астық нарығы бойынша оператордың мәртебесі мен рөлін айқындау жөніндегі мәселе реттелді.

Заң сондай-ақ жемшөп қорын қалыптастыру жолымен мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының отандық саласын дамытуға жәрдемдесуге, тұқым шаруашылығын дамытуға және тұқым қорын қалыптастыру арқылы жоғары сапалы тұқым өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Осылайша, аталған Заң астықтың резервтік қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, ішкі астық нарығын тұрақтандыруға және астық саласындағы экспорттық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button