PoliticsБасты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Грузияның вице-премьері, министрімен кездесу өткізді

Тбилисиге жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Грузияның вице-премьері, экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвилимен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Келіссөздер барысында көлік, ақпараттық технологиялар және инновациялар саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары сияқты маңызды мәселелер қозғалды. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда қатынастарын ұлғайтуда айтарлықтай әлеует байқалады. Министр бүгінгі таңда қазақстандық компаниялар металлургия, мұнай-химия, тамақ және машина жасау салаларында өңделген тауарларының Грузияға экспортын арттыруға дайын екенін атап өтті. Олардың қатарында фармацевтика мен құрылыс саласы да бар.

«Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия әріптестікті дамыту барысында маңызды рөл атқарады. Осы ретте екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың даму қарқынын атап өткім келеді. Бүгінде елімізде Грузияның қатысуымен 248 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы да оң динамика көрсетіп отыр», – деді министр.

Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту шеңберінде Қазақстан Грузиямен белсенді ынтымақтастық орнатқанын атап өткен жөн.

ИИДМ басшысы сондай-ақ «Дельта» мемлекеттік әскери ғылыми-техникалық орталығына және «ТАМ» Тбилиси авиациялық зауытына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты, кейін «Поти» және «Батуми» порттарының басшыларымен кездесті.

Сонымен бірге жұмыс сапары аясында Абай Құнанбайұлының ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Аталған іс-шара Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

«Бұл екі ел арасындағы достығымыздың тағы бір нышаны болары сөзсіз. Абай мұрасы тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін үлкен құндылық болып табылады. 2020 жылы біз Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Көрсетілген осынау құрмет үшін Грузия Үкіметі мен халқына алғыс айтамын», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Сапардың екінші күні министр Грузияның Қорғаныс министрі Бурчуладзе Джуаншермен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының жұмысына қатысуды жоспарлап отыр. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button