Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Қытайдың жетекші атом нысандарының жұмысымен танысты

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Цзянсу провинциясындағы Тяньвань атом электр станциясы мен салынып жатқан Сюйвэй атом электр станциясына барып, атом энергетикасы нысандарын салу және пайдалану саласындағы озық технологиялармен, заманауи тәсілдермен, сондай-ақ Қытайдың атом саласын дамытудың перспективалық бағыттарымен танысты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Сапар барысында қазақстандық делегация ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының өкілдерімен, Қытай ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC), оның еншілес кәсіпорындарының басшылығымен және атом электр станцияларын салу мен пайдалануға қатысатын компаниялардың өкілдерімен кездесті. Қытай тарапынан сондай-ақ CNNC Overseas, China Nuclear Power Engineering (CNPE), China Nuclear Energy Construction (CNEC) және Jiangsu Nuclear Power Corporation (JNPC) компанияларының басшылары қатысты.
Кездесулер барысында Қытай тарапы атом энергетикасы саласындағы ауқымды жобаларды іске асыру тәжірибесін, заманауи инженерлік шешімдерді, атом нысандарын салу мен пайдалануды басқарудың цифрлық технологияларын, кадрлар даярлау жүйесін, сондай-ақ саладағы халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, қытайлық компаниялардың атом энергетикасы объектілерін жобалау, салу және олардың өмірлік циклін басқару саласындағы құзыреттеріне ерекше назар аударылды.
Тяньвань атом электр станциясына бару барысында қазақстандық делегация Ресейдің ССЭР реакторлық қондырғылары мен Қытай технологияларын пайдалана отырып салынған Қытайдағы ең ірі атом энергетикасы нысандарының бірінің пайдалану тәжірибесімен танысты. Тяньвань АЭС-і Қытай мен Ресейдің атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығының флагмандық жобасы болып табылады және жиырма жылдан астам уақыт ішінде қауіпсіз әрі сенімді пайдалану, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты табысты жүзеге асыру бойынша мол тәжірибе жинақтады.
Салынып жатқан «Сюйвэй» атом электр станциясына ерекше назар аударылды. Бұл – үшінші буындағы Hualong One реакторлары мен төртінші буындағы жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторды біріктіретін әлемдегі алғашқы гибридті жоба. Жоба атом энергетикасы мен мұнай-химия өнеркәсібін интеграциялауға бағытталған әлемдегі алғашқы ірі ауқымды жоба ретінде жүзеге асырылуда. Пайдалануға берілгеннен кейін станция электр энергиясын өндірумен қатар өнеркәсіптік жылумен жабдықтауды да қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру барысында заманауи цифрлық технологиялар мен құрылысты басқарудың интеллектуалды жүйелері кеңінен қолданылуда.
Нысандарды аралау барысында қазақстандық делегация атом электр станцияларын пайдалану жүйесімен, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерімен, кадрларды даярлау ісімен, өндірістік процестерді басқарудағы цифрлық шешімдермен және ірі атом жобаларын іске асыруда қолданылатын заманауи инженерлік технологиялармен танысты.
Агенттік төрағасы қытайлық әріптестердің тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды практикалық мәнге ие екенін атап өтті.
«Тяньвань және Сюйвэй атом электр станциялары қазіргі атом энергетикасының әртүрлі даму кезеңдерін – ірі генерациялау қуаттарын табысты пайдаланудан бастап жаңа буындағы инновациялық технологияларды енгізуге дейінгі үдерістерді көрсетеді. Бұл тәжірибені зерделеу атом энергетикасын дамыту жөніндегі өз бағдарламасын іске асырып жатқан Қазақстан үшін ерекше маңызды. Біз қытайлық әріптестеріміздің ашықтығын және өз тәжірибесі мен құзыреттерімен бөлісуге дайын екенін жоғары бағалаймыз. Бұл Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз қалайды», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау, инженерлік құзыреттерді дамыту және атом энергетикасы жобаларын іске асыру кезінде үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.


