EcoБасты

Қазақстан мен Литва туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Бейнеконференция форматында туристік қызметтер мен өнімдерді ілгерілету жөніндегі Қазақстан-Литва жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

COVID-19 жаһандық пандемиясынан ең көп зардап шеккен саласы туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылауға екі жағынан 50-ден астам қатысушы қосылды. Олардың қатарында ұлттық компаниялардың, ірі туристік қауымдастықтардың, көлік ведомстволары мен авиакомпаниялардың басшылары, сондай-ақ Қазақстан мен Литва кәсіпкерлері бар.

Қазақстан тарапынан жұмыс тобын Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, литвалық тараптан –Экономика және инновациялар вице-министрі Виталия Янкаускайте-Мильчювене басқарды.

Отырыс барысында тараптар екі елдің туристік әлеуетін таныстырды, сондай-ақ жаһандық пандемия кезеңінде саланы қолдау және оны ынталандыру бойынша тәжірибе алмасты.

Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесіне де бас назар аударылды. ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен  «Литва әуежайлары» мемлекеттік компаниясы осы бағыттағы келіссөздерді жалғастыруға және коронавирустың таралуынан туындаған шектеулерді алғаннан кейін сарапшылар кездесуін ұйымдастыруға дайын екендігін растады.

Тікелей рейсті іске қосу мүмкіндігінің мәнмәтінінде тараптар екі ел жұртшылығын Қазақстан мен Литваның көрікті жерлерімен және мүмкіндіктерімен таныстыру саласында неғұрлым үйлесімді бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.

Жаңа туристік өнімдер, атап айтқанда, эко және ауылдық туризм, сондай-ақ сауықтыру турлары саласындағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық отырыстың ерекше трендіне айналды. Осыған байланысты литвалық қауымдастықтар мен санаторийлердің бай тәжірибесі атап өтілді, ҚР Ұлттық курорттық қауымдастығы басшылығының айтуынша, бұл туризм саласындағы екіжақты өзара іс-қимылының келешегі бар бағыты болуы мүмкін.

Жұмыс тобының алаңында екі мемлекеттің компаниялары байланыстар, презентациялар және басқа да мәліметтермен белсенді алмасты. Литва тарапы қазақстандық тарапты «Adventur» халықаралық туристік көрмесіне қатысуға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button