Түркістан облысындағы жеке медициналық ұйымдарда дербес деректерді қорғауға бақылау күшейтілді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті азаматтардың дербес деректерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі
2026 жылғы 18-22 мамыр аралығында Түркістан облысындағы бірқатар жеке медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бақылау іс-шараларына азаматтардың медициналық мекемелердегі дербес деректерді өңдеу мәселелері бойынша түскен өтініштері негіз болды.
Тексеру қорытындысы бойынша кейбір ұйымдардың қызметінде заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, дербес деректерді жинау және өңдеу саясатының бекітілмегені, осы мәліметтерді пайдалану мақсаттарының алдын ала айқындалмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, мекемелерде дербес деректермен жұмыс істеуге жауапты лауазымды тұлғалар тағайындалмаған.
Аталған талаптарды сақтау азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың қажетті шарты болып табылады. Медициналық ұйымдар процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге, яғни жиналатын деректер құрамын, оларды пайдалану мақсаттарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеудің қауіпсіздігі мен заңдылығына жауапты тұлғаларды нақты айқындауға міндетті.
Тексеру нәтижелері бойынша субъектілерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 79-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ұйымдарға жалпы сомасы 4 541 250 теңге көлемінде әкімшілік шаралары қолданылды.
Медицина саласындағы дербес деректерді қорғау Комитеттің басым бағыттарының бірі болып қала береді, өйткені халыққа қызмет көрсету кезінде өңделетін ақпарат құпия сипатқа ие. Берілген нұсқамалардың орындалуына бақылау жалғасады. Бұзушылықтардың алдын алу, деректерді заңсыз өңдеу тәуекелдерін азайту және деректер операторларының жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.



