SocialБасты

Волонтерлер – бүгінгі адамзаттың элитасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында волонтерлерді бүгінгі адамзаттың элитасына теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл форум бірлескен әрекеттер маңызды рөл ойнайтынын көрсетеді. Біз әлемде бұрын-соңды болмаған түрлі проблемаларға кездесіп отырмыз. Сондықтан қазір жарқын болашаққа деген үмітті өшіріп алмау үшін ымырашылдық өте қажет. Мен халықаралық волонтерлік бағдарламалар тиімді екеніне және жеке тұлғалар арасындағы дипломатияны ілгерілетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Өз өмірін өзгелерге арнап жүргендерге, әсіресе мұны халықаралық деңгейде істеп жүргендерге алғыс білдіргім келеді. Өйткені оларды адамзаттың элитасы, бейбітшілік пен мейірімінің нағыз елшілері деп айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент волонтерлік қызметті экологиялық құндылықтарды ілгерілетуге пайдалануға болатынын атап өтті.

«Болашағымыз бақуатты болу үшін бүгінгі әр қадамымызды дұрыс басуымыз керек. Сондай-ақ, экологиялық тұтыну мәдениетін ілгерілету қажет. Ол үшін бізге адамдардың ойлау тәсілін, қоршаған ортаны қабылдау мәдениетін өзгерту қажет. Сонда ғана реформалардың нәтижесі орнықты әрі қалтқысыз болады. Мен волонтерлік жеке адамдардың үлгісі негізінде қалыптасатынына сенемін. Бізге жауапты азаматтық және патриотизм ұғымдарының негізінде дамудың жаңа парадигмаларын қалыптастыру керек. Елімізде волонтерлік қызметтің кеңінен тарауына қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button