ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Экономикалық бағыт бойынша жұмыс жоспарлары туралы ұлттық экономика министрінің м.а. Әлібек Қуантыров баяндады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Ұлттық экономика министрінің м.а. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Мемлекет басшысы 8-інші сайланған Парламенттің алғашқы сессиясының ашылуы барысында сөйлеген сөзінде жан-жақты жаңғырту жұмысы бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары – Президент Әкімшілігінде келісілуде. Ә. Қуантыров Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған іс-шараларға толығырақ тоқталды.
Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлейді. Оның негізгі бағыттары: шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық, қаржылық емес түрде қолдау шараларын ұсыну; өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, дамытудағы кедергілерді жою; мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату; шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру көздерін кеңейту.
«Мемлекет басшысы салық саясатының жаңа моделінің қажет екеніне назар аударды. Барлық қойылған міндет жаңа Салық кодексі шеңберінде іске асырылатын болады. Кодекстің тәсілдері түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыруға бағытталады», — деді Әлібек Қуантыров.
Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату және цифрландыру шаралары қабылданады. Салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған жұмыс шеңберінде саланың басымдығы мен рентабельділігіне қарай қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы ставкаларын саралау мәселесі пысықталатын болады.
Экономикалық зерттеулер институтының базасында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен жаңа Бюджет кодексін әзірлеу бойынша тиісті Жұмыс тобының жұмысы жалғасуда. Құжаттың негізгі ережелерін тәуелсіз сарапшылармен кеңінен талқылау, әрі түсініктемелер мен ұсыныстар алу үшін Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты «Ашық НҚА» порталында орналастырылған болатын.
Аталған құжат Мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың ережелеріне негізделіп, Ұлттық қор қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі іс-шаралар кешенін айқындайды. Бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыру есебінен енгізілетін жаңартулар салық-бюджет саясатының берік іргетасын құруға бағытталады.
«Тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидатына сәйкес бойынша тарифтік саясатты реформалау шеңберінде электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын (20%-ға дейін) төмендетуге көзделген жұмыс басталды. Бұл апаттардың санын азайтуға және осы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Ол үшін 146 мыңнан астам шақырым инженерлік желіге жөндеу жүргізу қажет.
«Бүгінгі таңда тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Осыған байланысты салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен пысықталған, табиғи монополия субъектілері растайтын құжаттары бар өтінімдер ұсынылады деп күтілуде», — деді министрдің м.а.
Мемлекет басшысы тауарлық газдың энергия тиімділігін арттыру және ұтымды тұтынылуы үшін тиісті жоспар қабылдауды тапсырды. Аталған міндетті іске асыру үшін ірі коммерциялық кәсіпорындар сараланған тарифтерді енгізу, халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу шаралары ұсынылады. Бұл газды үнемді пайдалану әдетін қалыптастыруға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік-әділ құнын белгілеуге ықпал етеді.
Елімізде 65 ауданда 1,7 млн адам тұратын барлығы 1 283 шекара маңындағы ауыл бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында шекара маңындағы аумақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Мәселен, Тұжырымдама шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу, отандық телеарналардың цифрлық эфирлік теле және радио хабар таратуын қамтамасыз ету, еңбек тапшылығы бар шекара маңы ауылдық округтеріндегі тұрғындардың жалақысына үстемеақы қосу және оларға басқа да жеңілдіктер беру мүмкіндігі көзделген.
«Бұдан басқа өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын дамыту көзделген. Шекара маңындағы өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған құралдардың бірі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру болады. Ол үшін әрбір ауылдық округтің мамандығын айқындай отырып, скрининг жүргізу, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника және жабдықты лизингпен қамтамасыз ету шаралары іске асырылатын болады. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды әрі жедел пысықтайтын болады», — деді Әлібек Қуантыров.