Ranking.kz порталыныңмәліметінше, аталған компаниялардың 99 мыңына әйелдер басшылық жасайды және көрсеткіш 1 жылдың ішінде 7 пайызға артып отыр. Жалпы, елімізде үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп тұрған компанияларда басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі 30 пайызды құрайды.
Орта компанияларға жетекшілік ететін әйелдердің үлесі өте жоғары әрі жылдан жылға артып, қазіргі уақытта көрсеткіш 35,7 пайызға жетіп отыр. Ал шағын компанияларда басшылық жасайтын әйелдер үлесі 30-дан 29,9 пайызға азайды. Соңғы жылдары ірі компанияларда да басшылық қызмет атқаратын әйелдердің көрсеткіші 18,8 пайыздан 18 пайызға кеміген.
Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңсіздіктің орын алып отырған деңгейі бойынша Global Gender Gap Report 2020 баяндамасында айтылғандай, Қазақстан 153 елдің ішінде 72-орында тұр. Ал ЕАЭО елдері арасында Беларусьтың көрсеткіші үздік. Бұл ел рейтингтің 29-орнына іліккен. Ресей – 81, Қырғызстан – 93, ал Армения 98-орынға тұрақтаған.