
Оқу жылының аяқталуына және мектеп бітіру кештерінің өтуіне байланысты елордада полиция жасөспірімдер мен ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Тәжірибе көрсеткендей, дәл осы кезеңде жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі, ойын-сауық орындарында бақылаусыз болуы, құқық бұзушылық жасау және түрлі келеңсіз жағдайларға тап болуы жиілейді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз жүруі оларға қауіп төндіреді.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері қала көшелерінде, саябақтарда, жағалауларда, кафелер мен ойын-сауық орындарында күшейтілген бақылау жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің қоғамдық тәртіпті сақтауына, жол қауіпсіздігіне және заң талаптарының орындалуына ерекше назар аударады.
Полиция кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілінсіз жүруі әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Сонымен қатар алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, көлік басқару, бөтен мүлікке зиян келтіру секілді әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының қайда жүргенін, кіммен жүргенін қатаң бақылауда ұстауға шақырады.

