PoliticsБасты

ҚР ИИДМ-де Қайырбек Өскенбаевқа құрмет көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлері ведомство басшысы Марат Қарабаевтың ұйытқы болуымен экс-министр Қ.Өскенбаевқа құрмет көрсетіп, алғыстарын жеткізді.

Қайырбек Айтбайұлымен етене жұмыс істеген әріптестері оның кәсіби біліктілігінен бөлек, жеке қасиеттерін де жоғары бағалады.

«Өз атына лайықты сіздей тұлғамен бірге қызмет еткенімізді мақтан тұтамыз, сондай-ақ кәсіби тәжірибеңіз және дағдыларыңызбен бөліскеніңізге ұжымның атынан ризашылығымызды білдіреміз. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір және баянды бақыт тілейміз. Өз қызметіңізді абыроймен орындап, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына баға жетпес үлес қосқаныңыз даусыз», деді жаңа тағайындалған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Өз тарапынан саланың бұрынғы басшысы министрліктің қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, ведомстводағы қызметтік кезеңі жеке мансабындағы жарқын сәттерінің бірі болғанын айтты. Сондай-ақ жуырда тағайындалған министрдің жұмысына сәттілік тілеп, оның бойында басшыға қажетті  барлық дағды мен қасиеттің бар екенін атап өтті.

«Марат Кәрімжанұлы кәсіби тұрғыда білікті маман. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімін толық қолдаймын. Қазір жастардың уақыты. Жаңадан тағайындалған министр жас болса да тәжірибелі, күш-қайраты жеткілікті маман деп санаймын. Сондай-ақ бірнеше тілді жетік меңгерген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Осындай күрделі кезеңде кез келген сын-қатерге дайын болып, еліміздің Президентіне барынша қолдау көрсетуіміз керек деп есептеймін. Қазір өз қамыңды ғана ойлайтын заман емес. Алдағы уақытта барлық жинақтаған тәжірибеміз мен білімімізді пайдаланып, мемлекеттің өркендеуі үшін еңбек етуіміз қажет деп ойлаймын. Осы орайда қашан да болсын халқыма қызмет етуге дайын екенімді айтқым келеді», деді Қ.Өскенбаев.

Кездесуді түйіндей келе ИИДМ аппаратының басшысы Ерболат Мұқаев ведомствоның атынан экс-министрге қажырлы еңбегі үшін алғысын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, министр болып тағайындалғанға дейін Қайырбек Айтбайұлы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі ретінде қызмет атқарды. Демек осыдан-ақ оның қызметтік мансабында меритократияның барлық принципі мен мемлекеттік басқарудың даму кезеңдері сақталғанын байқауға болады. Сіздің жүріп өткен еңбек жолыңыз жастар үшін жарқын үлгі бола алады деп санаймын. Өзіңіздің адал әрі жемісті жұмысыңыз шынайы құрметке лайық», деді Е.Мұқаев.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қ.Өскенбаев Instagram-дағы жеке парақшасында Мемлекет басшысының жүктеген міндеттері мен берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде қысқаша шолу жасап, қорытындылаған болатын. Сонымен қатар экс-министр ведомство қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен ұжымдық ауызбірлігіне тоқталып, қызметтік кезеңде ИИДМ-де қолға алынған жұмыстарды ақпараттық тұрғыда қолдаған үшін БАҚ өкілдеріне де алғыс айтқан еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button