SocialБасты

Ресейде жаңа көлік сатылымы алты есе төмендеді

Еуропа бизнес қауымдастығы биыл мамырда Ресейде 24.2 мың жеңіл машина сатылғанын хабарлады, ал былтыр осы уақытта 147.3 мың көлік өткен. Мұның басты себебі — батыс автоөндірушілері санкцияға байланысты Ресейге көлік жеткізуді тоқтатып, зауыттарын жауып тастады, ал ресейлік зауыттар автобөлшек тапшылығы және мамырдағы мерекелерге байланысты біраз уақыт жұмыс істеген жоқ. Ресей автоөндірісін қолдауға ынта білдіріп отырған қытайлар болмаса жағдай бұдан да қиындауы мүмкін еді, деп хабарлады kolesa.kz.

Еуропалық өндірушілермен қатар Санкт-Петербургтегі зауытта машина құрастыруды және дайын техника жеткізуді тоқтатқан Toyota-ның да саудасы нашарлап кетті. Диллерлер мамырда 456 көлік қана сата алды. Бұл 2021 жылғы мамырмен салыстырғанда 94 %-ға аз. Ал Porsche, Range Rover, Volvo, Lexus және т. б. премиум брендтер 100 машина да өткізе алмаған.

Жаңа автомобиль сатушылар бұл жағдайға қатты алаңдап отыр. Ресей автонарығының ең ірі өкілі «Рольф» компаниясының бас директоры биыл жыл аяғына дейін қазіргі 3.2 мың автосалонның 1.6 мыңы қалатынын айтады. Бұл туралы «Ведомости» хабарлады. Бірақ басылымға сұхбат берген басқа сарапшылар сәл жағымды болжам жасайды, олардың ойынша салондардың төрттен бірі немесе үштен бірі жабылады.

Батыстағы серіктестерінен айырылған көптеген дилер енді Қытай көліктерін сатпақшы. Ал кейбірі ресми дилер мәртебесін алып тастап, бұрын сатқан машиналарына қызмет көрсетумен айналысады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button