Мемлекеттік қызметшілерге арналған электрондық кітапханалар – мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіби және жеке қасиеттерін дамытуға жағдай жасауға бағытталған қазіргі заманғы тәсілдердің бірі, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
Кәсіби маман болып, біліктілігін үздіксіз арттыруға тырысатын әр адам өзін дамытуға уақыт пен мүмкіндік таба алуы керек. Бұл – аксиома. Қоғам алдында белгілі бір міндеттемелері бар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуден бастап халықаралық қатынастарға дейінгі салаларда мемлекеттік саясатты айқындайтын және оны іске асыратын мемлекеттік қызметшілер үшін бұл өте қажет.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекеттік органдардың «Қоғамдық сананы жаңғырту» жобалары бойынша үйлестіру, мониторингілеу және өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндетін атқаратын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жобалау кеңсесі «Бәсекеге қабілеттілік» үлгілік базалық бағыты бойынша мемлекеттік қызметшілерді дамытуды ұсынады.
Бұл – қазақстандық ұлт санасын нығайтудағы маңызды қасиеттердің бірі. Осыған орай мемлекеттік қызметшілерге www.OpenU.kz және www.kitap.kz (электрондық кітаптар, балаларға арналған мультфильмдер) порталдары арқылы Мемлекеттік қызметшілер кітапханасын пайдалану және порталдарда өздеріне қажетті әдебиеттерді таңдау ұсынылады.
Ыңғайлы болу үшін кітаптардың аудио нұсқаларын қолдануға болады. Олардың арасында классикалық әдебиеттер де, әлемге әйгілі қазіргі авторлардың еңбектері де бар.
Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес (ҚР Үкіметінің 31.05.2021 жылғы №358 қаулысымен бекітілген) әрбір мемлекеттік орган базалық бағыттардан басқа, ТББ іске асырады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Кадр қызметі департаменті 2022 жылдың әр жартыжылдығының қорытындысы бойынша OpenU.kz және kitap.kz порталдарынан кітап оқыған мемлекеттік қызметшілер санының қаншалықты артқанын анықтайды.
Осыған байланысты бәсекеге қабілеттілік тақырыбы бойынша әдебиеттерді оқығаннан кейін мемлекеттік қызметшілер оқыған әдебиеттері туралы айтып, әлеуметтік желілердегі парақшаларында белгілі бір хэштегтермен (#Кітапхана_миирк_к) жеке пікірлері мен қорытындыларын жариялауы қажет. Көрсеткіш ай сайынғы хэштегтерді есептеу арқылы анықталады.