2021 жылы педагог болып жұмыс істегісі келетіндерге жұмысқа орналасу кезінде қойылатын талаптар қатаңдатылды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.
«2021 жылы біз педагог болып жұмыс істегісі келетіндерге жұмысқа орналасу кезінде де қойылатын талаптарды қатаңдаттық. Осылайша, енді бұл мамандыққа кез келген мектеп түлегі түсе алмайды, өйткені педагогикалық бағытқа дайындықтың барлық бағыттарына ҰБТ-ның ең жоғары шекті балы белгіленді. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушылар алатын шәкіртақылардың көлемі де қазір ең жоғары.
Жалақыны көтеру, жүктемені азайту, есептілікті қысқарту, педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу шаралары – мамандықтың мәртебесін арттыру барысындағы маңызды қадамдар. Нәтижесінде қазір мұғалім мамандығына үздік түлектер ғана түсіп жатқанын көріп отырмыз. Осы мамандыққа түсушілердің орташа балы айтарлықтай артты, педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есе көбейді», делінген жазбада.