Басты

Алматыда 126 мың адам коммуналдық қызмет үшін төлем алады

Алматыда 126 мың адамға коммуналдық қызмет ақысын төлеуге 15 мың теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген ережелерге сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтары санатына қосылған 69 мың алматылық бұл көмекке қол жеткізе алды. Кейін Алматыда әлеуметтік көмек алушылар саны екі есе – 69 мыңнан 126 мыңға дейін өсті. Аталмыш көмек түрі I, II және III топтағы мүгедектерге; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға; көпбалалы отбасыларға; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге; мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарышқа ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына; АӘК алатын азаматтарға, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлерге беріледі. Бастапқыда төлемді аудару үшін коммуналдық қызмет көрсету шарты және өтініш берушінің атына рәсімделген коммуналдық кәсіпорындағы абоненттік жеке шоты болуы қажет болған. Кейін тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша, бір отбасы мүшелеріне де төлем жасауға рұқсат берілді.

Осылайша, енді мемлекеттік қызметтер үшін төлемдерді тек жеке шот иелеріне ғана емес, сонымен бірге ҚР заңнамасына сәйкес «Отбасы» санатына жататын адамдарға да төлеуге рұқсат етіледі. Бір айда 30 мың өтініш мақұлданды. Төлемдер жеке шоттарға түседі, мұны коммуналдық қызметтерге келетін түбіртектен көруге болады. Төлемдер электр, суық және ыстық су, кәріз, қоқыс жинау және лифт сияқты қызметтерді жабады. Бүгінгі таңда 430 млн теңге сомасында төлемдер жүргізілді. Өтінімдерді қабылдау, маусымның аяғына дейін жалғасады. Төлем екі айға – сәуір мен мамырға төленеді. Жоғарыда аталған санатқа жататын Алматы тұрғындары толық мәліметті 341-05-27, 3-777-444 телефондары арқылы ала алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button