EconomyБасты

Алматылықтар VIP автокөлік нөмірлерін алуға 1,2 млрд теңге жұмсаған

Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша халыққа 27,3 млн қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Корпорацияның Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаевтың мәліметінше, 2019 жылы халыққа көрсетілген 3,9 миллион қызметтің 1,2 миллионнан астамы электронды форматта ұсынылған.

Осылайша, өткен жылы өз бетінше қызмет алатындар саны 88,9% – ға артты.

Сонымен қатар, Алматы қаласының мамандандырылған ХҚО бөлімдері 799 819 мемлекеттік қызмет, оның ішінде көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есепке алу – 665 262, жүргізуші куәліктерін беру бойынша – 106 060 қызмет көрсетілді.

Өткен жылы алматылықтар сандық сериясы VIP-нөмірге жататын 4664 автокөлік нөмірін сатып алып, мемлекет қазынасына жалпы сомасы –1 207 176 350 теңге түсті.

Автокөлік иелері үшін жасалған қолайлылық – «Электрондық үкімет» порталында көліктерді тіркеу және көлік жүргізушісі куәлігін алмастыру қызметтері бойынша сервистердің іске қосылуы болды. Десекте, халық үйреніп қалған әдетінше мамандандырылған ХҚО-ға барғанды жөн санайды.

Алматыда алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылғалы бері автокөлік иелеріне көрсетілетін қызмет көлемі бес есеге артқан.

«Алматыда 6 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Оның екеуі 2019 жылы ашылды. Соңғысын меценат Жақсылық Үшкемпіровтің көмегімен аштық. Онда Алматы мен Алматы облысының тұрғындарына қызмет көрсетілуде. Бүгінде автодром салып жатыр»,- дейді Данияр Қырықбаев.

Оның айтуынша, Алматыда бір жарым жыл бұрын ашылған миграциялық ХҚО бөлімінің жұмыс тәжірибесін ТМД елдерінен келіп үйренушілер көп.

«Миграциялық ХҚО бөлімі өткен жылы 173 583 қызмет көрсетті. Оның ішінде шетелдіктердің 113 021 уақытша тіркелуі, 60 562 еңбек шарты бойынша тіркелуі»,-деп қосты ол.

Айта кету керек, әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу бағыты бойынша 250 052, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу бойынша – 486 469, жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу желісі бойынша –38 799, жер кадастры желісі бойынша –22 286 қызмет көрсетілген.

Қазіргі уақытта тізілімде бар 723 мемлекеттік қызметтің 580-і электрондық форматта қол жетімді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button