«Алматы жастары» бағдарламасына өтініштер қабылдана бастады
Бүгін, 10 наурыздан бастап алматылық жас мамандарға жеңілдетілген несиемен баспана алуға мүмкіндік беретін «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдана бастады.
Бұл бағдарламаға жасы 35-ке толмаған жастар қатыса алады. Отбасында тек бір адамның өтініші қабылданады. Өтініш берушінің күйеуінің немесе әйелінің жас ерекшелігі ескерілмейді. Сондай-ақ отбасының соңғы бес жылда баспанасы болмауы тиіс және жылжымайтын мүлікке мұрагер болмауы керек.
«Алматы жастары» бағдарламасына қатысушылардың соңғы 6 айдағы зейнетақы жарнасы болуы немесе ең аз дегенде жарты жыл Алматыда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына Алматыдағы денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт, ЖОО мен ҒЗИ, БАҚ, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік салада еңбек ететіндер қатыса алады.
Аталған бағдарлама аясында биыл 1000 пәтер беріледі. Сондай-ақ, несиелендіру көлемі 13 миллионнан 18 миллионға артты.
Баспанаға үміткерлердің өтініші 10-31 наурыз аралығында қабылданады. Бұл үшін ЭЦҚ болуы шарт. Тұрғын үй басқармасы өтініш берушінің құжаттарын мұқият тексеріп, жинаған ұпай мөлшеріне қарай қатысушыларды анықтайды. Ұпай саны отбасының некеде болған жылдары, бала саны, жұмыс істеген жылдарына қатысты беріледі.
Өтініш беруші 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкінде» өзінің төлем төлей алатынын дәлелдеу керек. Сондай-ақ, 45 күнде алатын баспанасын тауып, оның бағасын анықтаған құжатпен банкке қайта келеді. Бағдарламаға қатысушыға тағы он күн уақыт сату-сатып алу құжаттарын рәсімдеуге беріледі. Пәтерді бірінші деңгейлі, екінші деңгейлі банктер және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ нысандарынан кепілдеме арқылы алуға болады.
Мәселен, 10 млн теңгелік пәтер сатып алған жағдайда несиелік төлем тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен ескере отырып, алғашқы 8 жылда 83 333 теңге, ал қалған 11 жылда төлем көлемі азайып, 46 000 теңгені құрайды.