PoliticsӘлемБасты

Қазақстан мен Әзербайжанның әскери дәрігерлері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астанаға Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің генерал-майоры Фируддин Нәбиев бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.Бұл туралы министрлік өзінің ресми парақшасында хабарлаған.

Қонақтар әскери-медициналық қызметтің құрылымымен және бағыттарымен, ел қарулы күштерін емдеу-профилактикалық және санитарлық-гигиеналық қамтамасыз ету барысымен танысты. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталінде меймандарға жоғары мамандандырылған ота жасау үшін қолда бар мүмкіндіктер көрсетілді.

Тараптар коронавирустық инфекциямен күрес бойынша да тәжірибе алмасты. ҚР ҚК Бас әскери медициналық басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл осы кезеңде ауруханалар мен лазареттер азаматтық денсаулық сақтауға айтарлықтай көмек көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ ПТР-зертханалар мен жылжымалы зертханалық кешендер мен модульдік далалық инфекциялық госпиталь сатып алынды.

Әзербайжандық әріптестер әскери-медициналық мекемелерге қосымша қаржы алуға мүмкіндік беретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қазақстандық әскери дәрігерлердің қатысуына қызығушылық танытты.

Қабылдаушы тарап қонақтарға шалғайдағы гарнизондарда орналасқан әскери бөлімдерге медициналық мүлікті орталықтандырылған және орталықтандырылмаған жеткізу алгоритмін ұсынды. Өз кезегінде шетелдік қонақтар таулы аймақтағы әскери операцияларды медициналық қамтамасыз ету және санитарлық сауытты дөңгелекті машиналарды практикалық пайдалану туралы әңгімеледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери-медициналық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button