AgroБасты

«Эко-Даму» бағдарламасының екінші кезеңі басталды

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесіп «Эко-Даму» несиелеу бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруды бастайды. Бағдарлама экологиялық таза кәсіпкерлік түрлерін қолдауға бағытталған және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын орналасқан ауыл тұрғындарына арналған.

«Эко-Даму» бағдарламасының II кезеңі еліміздің 12 облысындағы  ерекше қорғалатын 28 табиғи аумаққа жақын орналасқан 771 ауылды қамтиды. Бағдарлама бюджеті 288 млн теңге.

Бағдарлама ауылдық жерлерде қоршаған ортаға зиян келтірмейтін және экожүйелерді сақтауға ықпал ететін жобаларды дамытуға бағытталған. Оған экотуризм, орман, балық, аңшылық, құс шаруашылығы, қоян шаруашылығы, ара шаруашылығы және жайылымдық жерлерді пайдалану жатады.

Ауыл кәсіпкерлері бизнес-жобаларды дамытуға 6%-бен 5 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады. Несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-н аспайды. Ауыл кәсіпкеріне ҚР Ұлттық Банкі белгілеген 100 АЕК-тен 5400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде несие беру жоспарланған.

Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстардағы филиалына бару керек. Қосымша ақпаратты www.fagri.kz сайтанынан алуға болады.

Айта кетейік, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қол қойған келісім нәтижесінде 2014-2015 жылдары «Эко-Даму» несиелеу бағдарламасының бірінші кезеңі жүзеге асырылған болатын.

«Бұл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Біріккен ұлттары ұйымы даму бағдарламасы арасындағы алғашқы келісім емес. 2008-2013 жылдары «Табиғи орта» бірлескен жобасы іске асырылды, оның аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын орналасқан ауылдардың 154 тұрғыны жалпы сомасы 221,4 миллион теңгенің шағын несиесін алды. 2008 жылдан бері БҰҰ ДБ-мен ынтымақтастықта 561,6 млн теңгенің 221 жобасы қаржыландырылды, оның ішінде Қордың қаражаты 216,6 млн теңге. Мұндай бағдарламалар ауыл тұрғындарына қоршаған ортаны сақтай отырып, микробизнес ашуға және дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров.

«Эко-Даму» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі тең экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып, гендерлік теңдікті сақтау. Сондықтан, бұл бағдарламада несие алушы әйелдерге басымдық беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button