Қарағанды облысында Аманжолов оқуларының жеңімпаздары анықталды
Қарағанды облысында «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» Х Республикалық дәстүрлі оқулар байқауының қорытындысы шығарылды. Аманжолов оқулары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті. Осы жылы шара ZOOM платформасында онлайн режимінде өткізілді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Байқауға қатысуға Қазақстаннан барлығы 47 өтінім берілді. Оның 33-і қабылданды. Нәтижесінде оқуларға 31 адам қатысты (Оралдан келген қатысушы денсаулық жағдайына байланысты және Абай ауданынан келген мәнерлеп оқушы техникалық себептерге байланысты қатыса алмады).
Еске сала кетейік, Аманжолов оқулары алғаш рет 2011 жылы, ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өту кезінде өткізілген болатын. Байқауға 16-25 жас аралығындағы жастар қатысады. Биыл Қасым Аманжоловтың талантын бағалаушылар ақынның сүйікті шығармаларын жатқа оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені теміртаулық Ақзия Оразалиева жеңіп алды. Бірінші орынды қарағандылық Аида Қуандық, екінші орынды қарағандылық Іңкәр Алтаева және үшінші орынды алматылық Айару Дәулет пен қарағандылық Аяулым Малғаждар бөлісті. Ынталандыру сыйлықтарын Шет ауданының киікті ауылынан Ерсұлтан Нұртай және БҚО-дан Альбина Бақыт алды.
Сондай-ақ, марапаттау рәсімі кезінде «Қасым» сериясының үшінші кітабының ресми тұсаукесері өтті.