EconomyБасты

ҚР ИИДМ басшысы Францияның Еуропа және сыртқы істер министрінің арнайы өкілімен кездесті

2020 жылғы 10 желтоқсанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Францияның Еуропа және сыртқы істер министрінің арнайы өкілі Паскаль Лоромен кездесті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

Франциямен арадағы серіктестік қарым-қатынастың маңыздылығын атап өткен Бейбіт Атамқұлов «Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жыл сайын тереңдеп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі», – деді.

Сондай-ақ, ол барынша тартымды инвестициялық орта қалыптастыру бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралары туралы айтып берді.

Қазақстанда Франция капиталының қатысуымен 160 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 14 жылда Францияның Қазақстан экономикасына салған қаржысы 16,5 млрд. доллардан асты.

Паскаль Лоро екі елдің өзара ынтымақтастығында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған ҚР мен Франция арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы жобасын табыс етті. Онда кооперацияның 10-15 стратегиялық бағыты айқындалған.

Франция тарапы бұл картаны 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында Парижде өткізу көзделген сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының кезекті 14-ші отырысында қабылдау жоспарланғанын атап өтті.

Кездесуде, сондай-ақ «Airbus» авиациялық корпорациясымен ынтымақтастық перспективалары, «Аlstom» компаниясымен локомотивтерді жеткізу және титан-магний өнеркәсібінде жаңа қайта бөліністерді дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар пандемияға байланысты бүкіл әлемде қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Франция өзара тиімді серіктестікті тереңдетуді жалғастырады деген үміт білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button