VoWiFi технологиясы қашан іске қосылады?

Қазақстанда 2026 жылы кез келген қолжетімді Wi-Fi желісі арқылы дауыстық қоңыраулар жасауға және қабылдауға мүмкіндік беретін VoWiFi технологиясы жаппай іске қосылады деп күтілуде, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Мұндай инновациялық шешімді енгізу интернет нашар жерлердің проблемасын, яғни тұрғын және кеңсе ғимараттарының ішінде ұялы сигналы әлсіз аймақтарды жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында ұялы байланыс компанияларының өкілдері хабарлады.
«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы дауыстық қоңыраулар шалуға мүмкіндік береді. Біз қызметкерлеріміздің арасында оны пилоттық режимде сынақтан сәтті өткіздік. Келесі жылы бұл технология жаппай қолжетімді болады», — деп атап өтті «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Отырыста нарық қатысушылары атап өткендей, интернет нашар жерлердің проблемасы халықтың 99%-ы 4G байланысымен қамтылғанына қарамастан өзекті болып қала бермек. Негізгі себеп – қаладағы қарқынды құрылыс жұмыстары, өйткені, жаңа ғимараттар сигналдарды жауып тастайды, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған базалық стансаларды алып тастауға тура келетін жағдайлар да жиі кездеседі.