Astana Hub Орталық Азия өңіріндегі Google for Startups-тың жалғыз серіктесі болып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады, онда IT-саланы дамытудың басым бағыттарын іске асыру мәселелері қаралды, деп мәлімдейді Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауы аясында IT саласын дамыту бойынша басым бағыттарды анықтады. Әлемдегі озық тәжірибеге сәйкес IT саласы келесідей негізгі бөлімдерден тұрады: ең бастысы – адами капиталды дамыту, екіншісі – бірыңғай инновациялық экожүйе құру, яғни өңірлерде Astana Hub тәжірибесін тарату, үшіншісі – стартап индустриясының қозғаушы күші саналатын венчурлік қорларды қолдау», — деді министр.
Атап айтқанда, адами капиталды дамыту бойынша соңғы жылдары мемлекеттің проактивті саясатының нәтижесінде IT саласына қызығушылықтың күрт өсуі байқалуда. Жоғарғы оқу орындарындағы IT-факультеттердегі студенттердің саны көбеюде.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі заманауи IT-мектептер инновациялық экономиканы құру үшін қажетті кадрлар базасын толықтыратынын айтты. Еліміздің өңірлерінде осындай мектептерді құру саясаты жүргізілуде.
«TechOrda бағдарламасы аясында IT-кәсіпті игергісі келетін қазақстандықтарға озық жеке меншік IT-мектептерде ваучерлік жүйе негізінде білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жоба аясында азаматтар өзінің кәсіби бағытын өзгертумен қатар, тағдырын да өзгертуге мүмкіндік алып отыр. Мысалы, қазіргі таңда бағдарлама бойынша 2 000 адам IT-кәсібін игеріп, жалақы мөлшері 500 мың теңгені құрайтын жұмысқа орналаса алады», — деді Бағдат Мусин.
Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық та еліміздің адами капиталының дамуына оң ықпалын тигізеді. Басқаша айтқанда, «EPAM», «Binance», «Google», «Huawei», «Cisco» сияқты алып компаниялармен бірігіп, «Coursera» сияқты оқу курстары таратылмақ. Осы бағыттағы жұмысқа Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетті. Аталған трендті күшейту үшін 1 желтоқсаннан бастап ІТ пәнінің мұғалімдерін оқыту үшін дәл осындай тетік енгізілетін болады.
Б. Мусиннің айтуынша, оқу сапасын арттыру мақсатында жыл соңына дейін ІТ-факультеттер үшін тиісті сапа стандарттарын енгізу жұмысы басталды.
«Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, өңірлердегі оқу орындарындағы IT-факультеттерде тиісті аудит өткізетін боламыз. Жергілікті әкімдіктер осы жұмысты белсенді жүргізу мақсатында өңірлерде IT-жобалау мектептерін қолдап, бизнеспен тығыз жұмыс жүргізуі керек», — деді министр.
Елімізде 16 мыңнан астам ІТ-компания бар, ал ІТ саласында 180 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жалақы көлемі де қарқынды өсіп жатыр, бір жыл ішінде орташа жалақы шамамен 100 мың теңгеге көтерілді. Оң динамика әрі қарай өсу мүмкіндігін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде ІТ саласын ең тартымды бағыттардың біріне айналдырмақ.
Сондай-ақ спорттық бағдарламалауды насихаттау және дамыту IT индустриясын дамытуға зор ықпал етпек. Осы мақсатта Астана қаласында спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берілді. «Мемлекет басшысы 26 жылға қарай IT-экспортын $1 млрд-қа дейін жеткізу мақсатын қойды. Өткен жылы IT-экспорт бес есе өсіп, $334 млн-ды құрады, оның ішінде $153 млн Astana Hub қатысушыларымен жасалды. Бұл біздің цифрлық өнімдеріміздің халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенінің көрсеткіші», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Astana Hub Орталық Азия өңіріндегі Google for Startups-тің жалғыз серіктесі болды. Осылайша, Қазақстан аймақтағы ірі IT ойыншысына айналып келеді. Бұған қоса IT-саладағы инвестициялар көлемі өсіп, стартаптар Кремний алқабының акселерациясына да шығуда. «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, отандық ІТ-өнімдерді енгізуді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар әзірленді. 15 қыркүйекте Орталық Азия мен Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің стартаптарын қолдауға және ілгерілетуге бағытталған Silkroad Innovation Hub өкілдігі ашылады. IT-мамандарды тарту мақсатында Digital Nomad Visa жобасы іске асырылатын болады.
Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясат IT-саланың іргетасын қалауға бағытталған. IT экожүйесінің басты даму институтына айналған Astana Hub резиденттерінің саны 1 200-ден асып, шетелдік компаниялар саны 320-ға жетті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Astana Hub қатысушыларының табысы 162 млрд теңгені, тартылған инвестициялар көлемі 32 млрд теңгені құрады.
Министрлік технологиялық хабтарды ашу және қолдау арқылы өңірлерде Astana Hub брендін тарата бастады. Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әкімдіктермен бірігіп, 9 IT-хаб ашты, биыл тағы 4 хаб ашылмақ.
Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын сапалы орындау мақсатында әкімдіктерге заңнамалық тұрғыда өңірлік хабтарды қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау талабын бекіту ұсынылады. IT-стартаптар индустриясында қаржылық сұранысты қамтамасыз ету мақсатында венчурлік қаржыны тарту жұмысы жүргізілуде. Бүгін нарықта 24 венчурлік қор бар, инвестиция көлемі $145 млн-ды құрады. Алайда нарықта венчурлік келісімдердің өсуіне қарамастан, қаржы көлемінің жетіспеушілігі шамамен $100 млн-ға жетіп отыр. Осыған орай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі нарық өкілдерімен бірлесіп, венчурлік индустриядағы шектеулерді жоятын заңнамалық бастамаларды әзірлейтін болады.
«Президент өз Жолдауында жасанды интеллектті дамыту ісіне басты назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл үшін екі басты мәселені шешетін боламыз», — деді Б. Мусин.
Бірінші – «Smart Data Ukimet» жобасы аясында негізгі дерекқорларды біріктіріп, мемлекеттік органдар мен ғалымдарға, университеттер мен IT-компанияларға осы деректер негізінде өз қажеттіліктері үшін тиісті модельдер құра алатындай етіп, деректер ұсынылмақ. Басқа сөзбен айтқанда, Big data-ны қамтамасыз ету. Екінші – отандық компанияларға жасанды интеллекттіні модельдеу үшін берілетін деректер «анонимдік», яғни иесіздендірілген түрде қолжетімді болады. Яғни нарықтың деректер мен есептеу қуатын қамтамасыз ету. Алайда мұндай мүмкіндік өзіне тиісті жауапкершілік пен міндеттемелерді алған отандық IT-компанияларға берілетін болады. Нәтижесінде жасанды интеллект бағытындағы отандық стартаптардың саны өсіп, нарықтық бәсеке пайда болады.