JOLTAP жобасы астаналық келіншектің жаңа іспен айналысуына әрі табыс табуына көмектесті
Елордада JOLTAP жобасы сәтті жүзеге асырылып, тұрғындарға жаңа мамандықтарды игеруге, жұмысқа орналасуға және табыстарын арттыруға көмегі тиіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жобаға қатысушылар 14 мамандық бойынша тегін қысқа мерзімді курстардан өтіп, 52 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алып, өздеріне жұмыс таба алады.
Өзі туралы айтқан JOLTAP бағдарламасының түлектерінің бірі астаналық Анар Койлюбаева көптен бері тігін тігуді үйреніп, өз ісін ашқысы келгенін жеткізді.
«Мен жас кезімнен бастап өз идеяларымды тігуді және жүзеге асыруды үйренгім келді. Ол курстарды іздей бастағанымда бір блогердің Instagram парақшасының арқасында бұл жоба туралы естідім. Содан кейін мен егжей-тегжейлі ақпарат іздеп, дереу жазылуға шешім қабылдадым. Осылайша, менің көптен күткен оқуым басталды», – деді ол.
Анардың айтуынша, оқытушының тәлімгерлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында ол қысқа уақыт ішінде тігуді толық игеріп алды.
«Курс бір айға созылды, ал оқытушы Анар Төлегенқызы ең негізгілерін үйретіп, сұрақтарға жауап берді және тәжірибе жүзінде көмектесті. Сабақтар қарқынды өтті, соның арқасында қысқа мерзімде тігуді үйренуге болады. Курсты аяқтағаннан кейін мен белдемше, шалбар және көйлек тігуді үйрендім. Оқудан басқа, мен өз білімімді үйде де шыңдап, таныстарыма тігіп беруге тырыстым», – деді түлек.
Осылайша, тігін курстарында тегін оқу және тәжірибе жинау арқылы ол сүйікті ісімен айналысып, тапсырыс бойынша киім тігіп жүр.
«Бүгінде мен қыздарыма киімдер тігемін, мысалы, қойылымдарға, іс-шараларға арналған көйлектер және балабақшаға арналған костюмдер. Енді мен алдағы 9 мамыр мерекесіне арнайы тапсырыс алдым. Болашақта өзімді осы бағытта дамытқым келеді, үлкен тапсырыстар алуға тырысамын, тіпті өз ательемді ашқым келеді», – деді ол.
Анар Койлюбаева жобаның мүмкіндіктері туралы айтып, өз тәжірибесімен бөлісе отырып, таныстарына да көмектесуде.
«Жоба өте керемет және қала тұрғындарына жаңа білім алуға, жасырынып жатқан таланттарып ашуға және мүлдем басқа бағытта дамуға көмектеседі. Менің ойымша, қымбат оқу курстарына несие алудың қажеті жоқ, өйткені JOLTAP бағдарламасы олардан кем түспейді. Бұл жоба, әсіресе, жастар үшін пайдалы, өйткені өзіңізді осы немесе басқа салада сынап көргеннен кейін сіз өзіңізді және қабілетіңіздің қарымын біле бастайсыз. Мен жобаның басқа қалаларда да ашылғанын қалаймын, адамдар өз істерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады», – деп атап өтті ол.
Естеріңізге сала кетейік, JOLTAP жобасының басты мақсаты – елорда тұрғындарына табысты арттыру мүмкіндіктерін таңдауда, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыруда көмек көрсету. Елорда тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері қаланың әр түкпірінде орналасқан және күн сайын, демалыс күндерінде де үзіліссіз жұмыс істейді.