2019 жылғы 29 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген 22 тапсырмасының бірі – Алматының символы апорт алмасын жаңғырту болатын. Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Апорт бақтары аумағының кішірейіп кетуіне не себеп? Бұл сұрақтардың жауабы мен апортты жаңғырту жөніндегі ғалымдардың пікірі іnformburo.kz материалында.
Алматыда апорт қалай пайда болған?
Алматы алмасының сан ғасырлық тарихы бар. Ал апорт алмасын 19 ғасырда Ресейдің Воронеж облысынан қазіргі Алматы қаласы аумағына жер аударылған Игорь Редько есімді орыс бағбаны шығарған деген дерек бар. Ол Алатауда өсетін жабайы алма мен Ресей топырағынан әкелінген жемістің тұқымын будандастырып, бұдан апорт сорты пайда болады. Жаңа сорт Іле Алатауын жатсынбай, жақсы жеміс береді: апорт алмасының салмағы 1 келіге дейін жетіп, хош иісі және тіл үйірер дәмі адамдарға ерекше ұнайды.
Апорт бірнеше елде өседі
Алатаудың баурайында пайда болған апорт 1900 жылдары көбейіп, көпестер арқылы шетелге де тарай бастаған. 1908 жылы Германияда өткен бау-бақша өнімдерінің көрмесінде Верный қаласында (қазіргі Алматы) өсірілген апорт өте жоғары бағаланып, арнайы жүлде алады. Сондай-ақ, Франция, Англия және Венгрияда ұйымдастырылған түрлі көрмелерде де үздік танылған.
Осыдан кейін шетелдік бағбандар Алматы апортының тұқымын алып, оны өз елдерінде өсіре бастайды. Бірақ, Еуропа елдері мен АҚШ-тың бірқатар штатында апорт тамырланбай, өспейді. Ал Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды іргелес мемлекеттер өнім алған. Алайда, сапасы мен дәмі жөнінен Алматының апортына жетпейді. Бұл апорттың жер талғайтынын және Іле Алатауының алқабында ғана жақсы өсетінін білдіреді.
Апорт бақтарының жойылуына қыс суығы мен құрылыс жұмыстары әсер еткен
Редькодан кейін Алматы апортын дамытуға Никита Моисеев есімді бағбан күш салады. Ол бұл жемістің мыңға тарта көшетін өсірген. Бүкіләлемдік санақ бойынша 1945 жылы апорт сорты Алматы төңірегінде өсірілген басқа алма түрлеріне қарағанда 70 пайызға дейін көп болған. Бірақ, 1950 жылдары болған қаһарлы қыстың суығынан апорт түптерінің 11 пайызын үсік шалған.
1980 жылдары Қазақстандағы апорт бақтарының көлемі 100 мың гектарға жетеді. Алайда, көбісі қараусыз қалып, ондағы жеміс ағаштары тоза бастайды.
1990 жылдары алма бақтары аяусыз оталып, қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіле бастаған. Кезінде апорт бақтары орналасқан аумақта ғимараттар бой көтерді. Айталық, қазіргі Қазақфильм, Алмагүл, Таулы қырат ықшамаудандарының орнында бұрын алма бақтары жайқалып тұрған еді.
Қазақстанда апорт алма ағашының есебі жүргізілмейді
Апорт алма ағашы теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктікте өседі / Суретті Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ұсынды
Соңғы жиырма жылда Алматы апортының жер жарған даңқы түсіп кетті. Жеміс көлемі кішірейіп, дәмі мен иіс сапасы да төмендеген. Қазір түсі де солғын. Десе де бүгінгі күні бізде апорттың Александр және қанқызыл сорттары өсіріледі. Олардың түсі, көлемі, салмағы және дәміне қарай 19 түрі бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің іnformburo.kz сауалына берген жауабына сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 2 мың гектарға жуық апорт бақтары бар. Олар негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында. Өйткені, апорт алмасы теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктікте өседі.
Өкініштісі, Қазақстанда нақты қанша түп апорт алма ағашы барын ешкім тап басып айта алмайды. Себебі, оның есебі жүргізілмейді. Оған қоса, өсіп тұрған апорт алма ағаштарының көбі ауруға шалдыққан және өнім беруін әлдеқашан тоқтатқан.
Апортты жаңғырту мақсатында бұған дейін қандай жұмыс атқарылды?
Қасиетінен айырылып, жоғалу қаупі төнген Жетісудың төл жемісін сақтап қалу мәселесі көтерілгелі бірінші жыл емес. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы мен қаласының әкімдеріне, Ауыл шаруашылық министрлігіне Алматы апортын жаңғырту туралы тапсырма берген еді. Осыдан соң мемлекеттік қолдауға ие болған бұл сортты қайта жандандыру үшін субсидия бөлініп, ғылыми зерттеулер жасалды.
Мәселен, 2012-2018 жылдар аралығында Алматы облысы әкімдігі жергілікті бюджет есебінен шаруаларға апорт егіп, оны өсіру шығындарын өтеу үшін 670,4 млн теңге бөлді. Алайда нәтиже жоқтың қасы.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Марина Уразаеваның айтуынша, сол жылдары субсидия алған шаруалардың көпшілігі мемлекет қаржысын мақсатты жұмсамаған. Еккен апорттары жөнді шықпай, бағбандар шаруаларын орта жолда тастап кеткен.
«Кезінде мемлекеттен апорт өсіруге субсидия алған шаруалардың көбісі бұл сортқа қолайлы аймақтарды ескермеді. Апорт кез келген жерде өспейтініне қарамастан, бағбандар жаппай алма ағаштарын отырғыза бастады. Қаржыларын да дұрыс есептемеді. Көшеттер егілгенімен, қаржы оны 1-2 жыл күтуге ғана жетті. Одан ары қаржыландыру болмай, апорт алма ағаштары қараусыз қалды», – деді институттың зертхана меңгерушісі Марина Уразаева.
Алматы маңында апорт өсіруге қолайлы үш аймақ бар:
- Тау бөктері аймағы – теңіз деңгейінен 800-900 метр биіктік (Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары және Алматының Бостандық, Медеу аудандарының бірқатар жерлері);
- Төмен таулы аймақ – теңіз деңгейінен 900-1100 метр биіктік (Түрген, Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің жағалауы);
- Орта таулы аймақ – теңіз деңгейінен 1100-1350 метр биіктік (Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының жерлері).
Қазір апорт бақтарында бұрынғыдай алма төгіліп тұрмаса да, бұл сорт түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Бірақ, алма бақтарының көбі жекеменшік шаруалардың қолына өткендіктен, қараусыз жатыр. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары апорт алмасының сапасы түсіп кеткенінің төрт себебі барын айтады:
- Апорт аймақтары мен осы сұрыпты көшеттерді жоспарлы түрде өсіріп тұратын питомник шаруашылықтарының жойылуы;
- Климаттық өзгерістер мен топырақтың құнарсыздануы;
- Зиянкестер мен бактериялық аурулар;
- Бағбандардың кәсіби біліксіздігі.
Шаруалар неге апорт өсіруге құлықсыз?
Ғалымдардың айтуынша, Апорт ағашын алғаш отырғызған жылы 7-8 рет суару керек. Бұл сорт күн көзі мен кеңістікті, суды көп қажетсінеді. Дегенмен, аса ылғалды да ұнатпайды. Жасалған ерекше күтімге қарамастан, ұзақ жыл бойы өнім бермейді. Сондықтан, шаруалар жемістің бұл түрін өсіруге құлықсыз екен. Мамандардың айтуынша, қарапайым алма ағашы екі жылдан соң-ақ тоннаға тарта жеміс берсе, апорт 7-8 жылдан кейін ғана жеуге жарамды болады.
Одан кейін де апорт ағашы тұрақты түрде жыл сайын өнім бермейді. Бір жылы жақсы жеміс салса, келесі жылы демалады. Бұл, әлбетте, кәсіпкерлерге тиімсіз. Оның үстіне апорт ауруға бейім жеміс түрі. Хош иісі зиянкестерді тез тартып, алма қотырына жиі шалдығады екен. Сондықтан, осы жемісті өсіруге бел буған шаруалар ағашты жылына 15 рет химиялық және дәрілік препараттармен бүркіп тұруға дайын болуы шарт. Бұл фермерлерге қосымша қаржылық шығын келтіреді.
«Балтабай ауылында жарты гектар жер телімінде 30 апорт ағашын өсіріп, өнім алып отырмыз. Бұл сортты күтіп, баптау өте қиын шаруа. Ең басты проблемамыз – осыдан 10 жыл бұрын пайда болған бактериялық күйік. Бұл ауруға қарсы ем жоқ. Бүлінген ағаштарды ресейлік және жапониялық препараттармен емдеуге тырыстық. Алайда, еш нәтиже болмады. Ол препараттар бактериялық күйікті уақытша ғана тоқтатады. Апорттың генетикасы сондай ма, әлде басқа себеп пе, ауруға қарсы тұра алмайды. Оның үстіне ұзақ сақталмайды. Қоймада қалыпты сақтау жағдайында ары кетсе төрт ай ғана бұзылмай, дәмдік қасиеттерін сақтайды», – деді бірнеше жылдан бері апорт өсірумен айналысатын агроном Евгений Сальников.
Тоқаев тапсырмасы орындала ма?
Мақала басында жазғанымыздай, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының символын қайта қалпына келтіріп, мәртебесін қайтару жөнінде кезекті тапсырма берді. Мемлекет басшысы апорт тек Алматының ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышы екенін қадап айтты. Дегенмен, бұл тапсырма аясында әзірге қолға алынған ауқымды шаруа жоқ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің іnformburo.kz сауалына берген жауабында апорт сортын жаңғырту аясында арнайы жобалар дайындалып жатқаны айтылған. Бұл жұмыстар Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты қызметкерлерінің көмегімен жүзеге аспақ.
Мамандар апорттың сорттарын түрлендіру және вирустарды жою үшін ғылыми жұмыс жүргізеді. Жоспарда жемістің осы түрі өсетін аймақтарды анықтау шарасы бар. Алматы облысы әкімдігі өткен жылы облыстың ауылшаруашылық өндірушілерінің өз қаражаты есебінен 16 гектар аумаққа апорт еккен.
Ал Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері бұл бағытта ешқандай жұмыс басталмағанынан және жоспар да құрылмағанынан хабардар етті.
Алматы әкімдігінің «Апортты жаңғырту» жобасы жүзеге аспай қалды
Кәсіпкерлерге уақытша пайдалануға берілген Мұзтаудағы апорт бағы / Іnformburo.kz фотосы
2016 жылы Алматы әкімдігі «Апортты жаңғырту» жобасын қолға алып, «Apple World» ЖШС-не қаланың жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын үш жер телімін қырық жылға жалға берген болатын. Аумақтарды уақытша пайдалануға алған компания ондағы ескі апорт ағаштарын күтіп-баптап қана қоймай, жаңа 6000 түп апорт алма ағашын егуге келіскен. Нәтижесінде, «Apple World» ЖШС өкілдері бақты қоршап, 34 000 апорт көшетін отырғызды. Алайда, жоба жемісті болмады. Кәсіпкерлер бұл істен бас тартып, шаруаны орта жолдан тастап кеткен.
Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының мәліметінше, 2019 жылдың ақпан айында әкімдік пен компания арасындағы шарт бұзылған. Кейіннен Мұзтаудағы (бұрынғы Бутаковка) 40 гектар жер «Апорт Алматы» ЖШС-не тағы да ұзақ мерзімге пайдалануға берілді. Кәсіпкерлер бақтағы апорттардың санын көбейтіп, сол арқылы агротуризмді дамытпақ.
«Біздің пайдалануға алған жеріміз Медеу табиғи паркінің меншігінде. Сондықтан, болашақта біз еңбегіміздің жемісін көріп, одан табыс тапсақ, паркпен теңдей бөлісеміз. Әлбетте, апортты жаңғыртқымыз келеді. Сондықтан, тағы қалған екі жер телімін де бізге уақытша пайдалануға беруді сұрап, бірнеше рет өтініш жасадық. Алайда, әкімдік хатымызға жауап бермей отыр. Қазір ол бақтар қараусыз, тоналып жатыр. Егер бізге берсе, бақты өз қаражатымызға күзетіп, ағаштарды күтіп-баптар едік. Апорттан басқа да жеміс түрлерін көбейтіп, агротуризмді дамытқымыз келеді. Яғни, баққа кез-келген қала тұрғыны серуендеуге келіп, ондағы жемістерді қажетінше сатып алар еді. Түскен қаражат бақ күтіміне қайта жұмсалады», – деді «Апорт Алматы» ЖШС директоры Владимир Будниченко.
Апортты жаңғырту үшін не істеу керек? Маман кеңесі
Апорт ағашы ауруға шалдықпай, жақсы күтім көрсе, елу жылға дейін өнім береді. Соның негізінде апорт бизнесін дамытуға болады. Өйткені, бұл жеміске сұраныс қай уақытта да жоғары. Қазір нарықта апорт алмасының келісі 800-1500 теңге аралығында саудаланады.
«Қазір климат өзгерді. Сондықтан, әуелі зерттеу жасап, апорт жақсы өсетін аймақтарды анықтау керек. Кей жерлердің биіктігі немесе климаты апортқа қолайсыз болуы мүмкін. Біздің фермерлер агрономдармен, ғылыми қызметкерлермен жұмыс істемейді. Бақты өз беттерінше егіп, қосымша табыс табу үшін апорттың жанына басқа да жеміс түрлерін егеді. Бұл дұрыс емес. Апорт көшетін отырғызған соң, оның жанына алғашқы үш жылда басқа дақылдарды жолатпаған жөн. Олар зиянкестерді тартып, апорттың өсуіне мұрша бермейді. Ал үш жылдан соң оттегін бөлетін жабайы құлпынай мен қара қарақат өсіруге болады. Бұл жемістер ылғалды сақтап, апортқа пайдасын тигізеді. Таңқурай отырғызуға, асқабақ егуге кеңес бермеймін«, – деді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Марина Уразаева.
Апорт өсіру үшін мына ережерлерді естен шығармаған жөн:
- Бизнес жоспар жасау. Онда бақ туралы барлық мәлімет, топырақ-климаттық жағдайлар және бірнеше жылға шамамен есептелген қаржы мөлшері жазылуы керек;
- Топыраққа алдын-ала анализ жасап, құнарлы қабатын анықтау. Егер топырақ қатты қышқыл немесе тұзды болса, сондай-ақ майда тас көп болса онда ол жерге апорт егуге болмайды;
- Жерді тыңайту. Топырақтың құрамы жөнді болмаса, минералды-органикалық тыңайтқыштармен жерді құнарландыру керек;
- Судың құрамына талдау жасау. Кей өңірлердің суы тұзды болады, ол апортқа қолайсыз. Алматы облысында суару суының сапасы жақсы;
- Суаруға көңіл бөлу. Вегетациалық кезеңде апорт 10-12 рет суғаруды қажет етеді;
- Ағашты қосымша қоректендіру. Ағашты жапырақтары және топырақ арқылы да тыңайту керек. Минералдардың барлық ағашқа бірдей жеткенін қадағалаған жөн;
- Бұталарды кесу. Ағаштың ауыруға ұшырап, зақымданған бұтағын дереу кесу керек. Әйтпесе, алма қотыры барлық баққа тарауы мүмкін;
- Құрал-жабдықтардың тазалығын сақтау. Ауру бұта кесілген құралды сау ағашқа жолатпаған жөн. Әйтпесе, бактериялар құрал арқылы да өсімдікке таралады.