AgroБасты

Ауыл шаруашылығы министрлігі депутат Смирнованың сынына жауап берді

Ирина Смирнованың жолдаған депутаттық сауалында бірқатар түсінбеушілік бар, деді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, мұндай ақпараты дұрыс емес мәлімдемелерден қоғамда жағымсыз пікір қалыптасуы мүмкін.

«Депутаттық сауалға толық түсініктеме беріп, агроөнеркәсіп кешеніндегі нақты жағдай туралы айту қажет деп санаймыз. Бірінші кезекте азаматтарды Қазақстан импорттық өнімдерге 80% тәуелді деген ақпараттың жалған екенін айтқым келеді. Керісінше, біз барлық негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 80 және одан да көп пайызға қамтамасыз етілген елміз», – деді Азат Сұлтанов.

Азық-түлік тауарының тек 6 түрі ғана импортталады: құс еті, шұжық, ірімшік, сүзбе, алма, қант және балық. Бұл тауарлар бойынша импортқа тәуелділік 25-тен 48%-ға дейінгі аралықты құрайды.

«Мұны агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің тауар айналымы бойынша статистика жүргізетін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі Ұлттық статистика бюросының ресми деректері растайды», – деп атап өтті ол.

Жоғарыда көрсетілген өнім өндірісін ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі импортты алмастыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыруда.

3 жыл ішінде 19 құс фабрикасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, жаңа қант зауытын іске қосу, тауарлық балық өсіретін 8 жобаны іске қосу, сондай-ақ 6,6 мың гектарға қарқынды бақ (алма бағына басымдық беріледі) салу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы іске қосылады.

Қазіргі уақытта едәуір нәтиже бар. 2020 жылы алма өндірісі 36 мың тоннаға ұлғайды, жалпы қуаты 93 мың тоннадан астам сүт өндіруге жететін 48 тауарлы сүт фермасы, 33 мың тонна ет өндіруге мүмкіндігі бар 3 ет комбинаты, қуаты 95 мың тонна құс етін өндіре алатын 8 құс фабрикасы, 2,2 мың тонна балық өндіретін 3 нысан іске қосылды.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2023 жылға қарай аталған өнім түрлерімен ішкі нарықты 100%-ға қамтамасыз ете алатын боламыз (қантты қоспағанда).

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорттық балансы $1 млрд-қа жетеді деген ақпарат мүлде дұрыс емес. Шын мәнінде, соңғы 5 жылда АӨК өнімдері импортының теріс сальдосы 45%-ға – $1,1 млрд-тан $600 млн-ға дейін төмендеді. Яғни, депутат сауалында өте ескі деректерді пайдаланған», – деп атап өтті А.Сұлтанов.

Импорттың басым бөлігі экзотикалық тауарлар мен Қазақстанда өспейтін шикізатқа тиесілі екенін ескертіп өтті министрлік өкілі.

Мысалы, шикі қант құрағы ақ қант өндіруге арналған шикізат және Оңтүстік Америка елдерінен әкелінеді. Какао пасталары мен ұнтақтары тропикалық елдерден жеткізіледі және ол отандық шоколад пен кондитерлік өнімдерді өндіруге арналған шикізат. Кокос және пальма майлары сүт пен кондитерлік өнімдердің көптеген түрлеріне шикізат есебінде пайдаланылады және тропикалық елдерден әкелінеді.

Табиғи-климаттық жағдайларға байланысты Қазақстан ананас, банан, апельсин, мандарин, кокос және мұхит балықтарының түрлері мен теңіз өнімдерін импорттауға мәжбүр болады.

«Бұл тауарлардың сырттан әкелінетіні және олар бойынша импортты алмастыру мәселесі жабық екені түсінікті. Осыған байланысты біз өзіміздің әлеуметтік маңызы бар тауарларымызды өндіру ісін дамытуға баса назар аударамыз. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай жүзеге асырылып келеді», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button