Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ведомствоның қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының 10 тұрғыны Қайырбек Өскенбаевқа сұрақтарын қойып, шағымдарын айтты. Олардың алтауы министрмен ZOOM арқылы қашықтан байланысқа шықты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Өтініш берушілердің сұрақтарының басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және құрылыс саясаты, сондай-ақ жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен жүзеге асыру мәселесі бойынша болды.
Сонымен қатар кен орындарын игеру, жол салу, азаматтық авиация саласында оқыту және жұмысқа орналасу мәселелері де көтерілді.
Мәселен, астаналық тұрғын А. Жалғасов құрылыс сапасына шағымданды. Бұл ретте азаматқа Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы серіктестікке қатысты түскен шағымдарға байланысты бірнеше рет жоспардан тыс тексеру жүргізгені, оның нәтижелері бойынша құрылыс салушыға анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында тәуелсіз аттестатталған сарапшыларды тарта отырып, тексеру жүргізу туралы нұсқама берілгені айтылды. Талаптар орындалмаған жағдайда Басқарма өкілдері материалдарды сот органдарына беру бойынша бастамашылық етеді.
Қоғам белсендісі Г. Төребаева министрден 2022 жылғы 1 мамырдан бастап іске қосылатын жеке тұрғын үй қорынан жалға алуды субсидиялау қағидалары, сондай-ақ аталған мемлекеттік қолдаудың артықшылықтары туралы сұрады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органда қолжетімді тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген ипотека алатын кезекте тұрғандардың шағымдарын жеткізді. Оның айтуынша, адамдар үй құрылысының сапасына, пәтер алаңдарының отбасы мүшелерінің санына сәйкес келмеуіне наразы.
Мүмкіндіктері шектеулі екі бала тәрбиелеп отырған шымкенттік Г. Үсенбекова ИИДМ басшысынан тұрғын үй бойынша көмек сұрады. ІІ топтағы мүгедек санатындағы азаматша 2014 жылдан бастап тұрғын үй алу кезегінде тұрғанын айтты. Күні бүгінге дейін ол балаларымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Бірақ жақында тұрғын үй иесі пәтердің сатылуына байланысты үйді босатуларын өтінген.
Алматыдан келген Б. Үкібасова Азаматтық авиация академиясында оқуын үздік аяқтаған баласының жұмысқа орналасуына байланысты қиындықтарға тап болып отырғанын айтып, шағымданды. Пандемия мен локдаунның басталуына байланысты, бала кезінен азаматтық авиакомпаниялардың ұшқышы болуды армандаған түлек шетелде тиісті ұшу тәжірибесінен өте алмаған. Нәтижесінде жас жігіт мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, ендігі кезекте ұшқыш лицензиясынан айырылып қалуы мүмкін. Қабылдауға жазылған азаматша осы жағдайды шешу барысында көмек көрсетуді сұрады.
Сонымен қатар Алматыдан келген қоғам белсендісі Д. Мейірбекова соңғы уақытта авиакомпания клиенттері тап болатын жүйелі проблемаларды тізіп берді. Атап айтсақ, авиабилеттердің бағасы жоғарылауы, рейстердің кідіруі мен тоқтатылуы, жолаушыларды тіркеуден негізсіз бас тарту және т. б.
Қабылдау қорытындысы бойынша сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, бірқатары бойынша нақты көмек көрсетіледі. Мәселен, министр тиісті құрылымдық бөлімше қызметкерлеріне мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған азаматша мен Азаматтық авиация академиясының түлегіне заң шеңберінде көмек көрсетуді тапсырды.
Жекелеген өтініштер бойынша консультативтік және құқықтық сипаттағы көмек көрсетілетін болады. Қосымша зерделеуді талап ететін кейбір мәселелерді Қайырбек Өскенбаев өз бақылауына алды.