Цифрлық даму министрлігі стартаптарға өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесті
Kyzylorda Hub – Astana Hub халықаралық технопаркі құрған он төрт өңірлік IT-хабтың бірі. Мұнда IT-ге байланысты іс-шаралар, атап айтқанда хакатондар, олимпиадалар, Pizza Pitch, форумдар белсенді түрде өткізіледі, сондай-ақ, түрлі бағдарламалар іске қосылып келеді, солардың бірі – Startup Joly, деп хабарлайды ЦДИАӨМ баспасөз қызметі.
Startup Joly бағдарламасы қажетті білімді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар түрлі аспектілердегі қолдауды қамтамасыз ете отырып, инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуды ынталандыруға бағытталған. Бағдарламаның негізгі миссиясы – аймақтағы ең үздік инноваторларды анықтау және оларға өз жобаларын табысты дамыту үшін қажетті қолдау көрсету. Startup Joly инкубациялық бағдарламасының бірінші легі барысында 57 жоба таңдалды, оның 26-сы Demo Day-да сәтті ұсынылды.
«Demo Day жоғары деңгейде өтті. Көп адамдармен таныстым, керемет жобаларды көрдім. Өзімнің жобама тоқталатын болсам, қазір елімізде робототехника қарқынды дамуда және техникалық үйірмелер, мамандықтар ашылып жатыр. Осындай жерлерде оқушылар, студенттер дайын заттарды пайдаланбай, өз қолдарымен құралдар жасағанын қалаймын. Осы мақсатпен мен Demo Day-ге “Educopter” атты оқу-жаттығу дрон жиынтығын шығардым. Осы жиынтық арқылы кез келген адам өзінің алғашқы дронын құрастырып, бағдарламалай алады», – деді 1-орын иегері Раушанбек Бейбарыс.
“Demo Day инновациялық жобалар байқауына «BumpIT» жобасын ұсындым. BumpIT − көлік компоненттерін арзан және зауыттық сапада өндіруге бағытталған жоба. Қазақстанда көлік жолдары сапасының төмендігінен автокөлік компоненттері, бамперлері өзгеріске ұшырайды немесе жарамсыз болады. Осы орайда көлік компоненттеріне қажетті бөлшектерді арзан және сапалы түрде жасауды жөн көрдім. Бұл жүргізушілерге, сатушыларға да тиімді болады», – деді Заманбек Жақсылықов.
«Цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub қолдауы арқасында кәсіпкерлік саласының әртүрлі аспектілерін үйрету бойынша ұйымдастырылған курс, воркшоптар, кездесулер мен тәлімгерліктен өту кезінде идея сатысындағы жобамды дамыту мүмкіндігіне ие болдым. Нәтижесінде Demo Day инновациялық жобалар байқауында DMenu жобасын таныстырдым. Оқыту кезінде айтылған теориялар және менторлармен тығыз байланыс орнатудың арқасында бүгінде жобам сәтті жобалардың біріне айналды», – деді Елдос Тұрсынбай.
Елде IT-мамандарға деген қажеттіліктің артуы байқалады. Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялар саласындағы білім мен мүмкіндіктерге неғұрлым кең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Astana Hub халықаралық технопаркі жинақтаған тәжірибені өңірлік орталықтарға берудің маңыздылығын атап өтті.