Басты

Шетелдік БАҚ пен сарапшылар Қазақстандағы парламенттік сайлауға қызығушылық танытуда

Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері шетелдік сарапшылар мен БАҚ өкілдерін еліміздің 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына дайындығымен таныстыруды жалғастыруда. Бұл туралы Alash24.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның Украинадағы Елшілігі ҚР Орталық сайлау комиссиясымен онлайн-байланыс форматында журналистер мен сарапшылар үшін брифинг ұйымдастырды. ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова қатысушыларды сайлау заңнамасының ерекшеліктерімен, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін сайлау тәртібімен, партиялық тізімдерді тіркеумен, гендерлік теңдік қағидаттарын сақтаумен және т. б. таныстырды.

Сонымен қатар, пропорционалды жүйе бойынша сайлау өткізу сайлау ойыншыларын ірілендіруге және олардың неғұрлым жауапты саяси науқан өткізуіне ықпал еткені атап өтілді.

Украиналық сарапшылармен өткен Брифинг ҚР ОСК-ның шет елдермен ақпараттық-түсіндіру науқаны аясында алғашқылардың бірі болды. Украина өкілдері Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқауға дәстүрлі түрде белсенді қатысады.

Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев жетекші моңғол БАҚ-тарына, сарапшыларға, саясаттанушыларға және үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне бүгінгі таңда ҚР ОСК 276 шетелдік байқаушыны аккредиттелгенін хабарлады. Сондай-ақ, онлайн форматта өткен брифингке қатысушылар сайлаудың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қарастырылған тетіктер және Ұлан-Батордағы қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің сайлау учаскесіндегі дауыс беру рәсімі туралы өз сұрақтарына жауап алды.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды жергілікті БАҚ өкілдерін бес саяси партиядан ҚР Парламенті төменгі палатасының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу қорытындылары және елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті.

Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі Еркебұлан Сәпиевтің брифингіне Ашхабадта аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың, жергілікті БАҚ пен шетелдік ақпарат агенттіктерінің өкілдері қатысты. Дипломат аудитория назарына елдің алдағы сайлауға дайындығы және мемлекеттік органдардың халықаралық бақылаушылармен өзара іс-қимыл тәжірибесі туралы толық ақпаратты ұсынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button