Нұр-Сұлтан қатаң карантинге оралады
Қала әкімдігі тұрғындарға демалыс алдында аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмекті сатып алуға кеңес берді
Нұр-Сұлтан қаласында 20-21 маусым күндері карантин күшейіп, тұрғындардың жүріп-тұруы шектеледі. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысында айтылған.
«Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері – 2020 жылы 19 маусым сағат 22.00-ден бастап 2020 жылы 22 маусым сағат 00.00-ге дейін шектеу және карантиндік іс-шаралар уақытша күшейтілсін», – делінген қаулыда.
Астаналықтарға үйден тек жұмысқа, дүкенге, дәріханаға, шұғыл жағдайларда және үй жануарларын серуендетуге ғана шығуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.
Полиция департаментіне шектеулердің сақталуын қадағалау бойынша қала аумағында патрульдеуді ұйымдастыру тапсырылды.
Демалыста адамдардың көшеде жүріп-тұруы шектеледі
Қалада жаяу және жеке көлікпен жүруге тыйым салынады, тек мына жағдайларда рұқсат етіледі:
- үйден жұмысқа бару және қайту (жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлік болуы тиіс);
- үйіне немесе жұмыс орнына жақын дүкеннен, дәріханадан азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу үшін шығу;
- шұғыл жағдайлар бойынша медициналық ұйымдарға бару;
- үй жануарларын үй маңында серуендету.
Елорда әкімдігі тұрғындарға демалыс алдында қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмекті сатып алуға кеңес берді.
65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса, көшеге шығуға шектеу қойылды.
Сауда орталықтары мен ұйымдар уақытша жабылады
Меншік нысанына қарамастан кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдарының жұмысы 19 маусым сағат 22.00-ден 22 маусым сағат 00.00-ге дейін тоқтатылады.
- сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, базарлар, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар дүкендері, жәрмеңкелер;
- орын саны 50-ден аспайтын, ашық аспан астында орналасқан кәсіпорындарды қоспағанда, мейрамхана, дәмхана, фаст-фуд, фудкорт, асханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары;
- фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, жаттығу залдары, спорт кешендері, бассейндер;
- SPA-орталықтар, SPA-салондар, сұлулық салондары, шаштараз, тырнақ бояу студиялары, барбер-шоп, солярий, массаж орталықтары және қызмет көрсету саласының басқа да ұқсас объектілері;
- қоғамдық моншалар, бассейндер, сауналар;
- қоғамдық көлік қозғалысы;
- атыс орындары, тирлер;
- құрылыс алаңдарында жатақханалары бар құрылыс компаниялары;
- саябақтар, скверлер, жағалаулар, көше ойын алаңдары және азаматтардың өзге де демалыс орындары;
- қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүзеге асыратын ұйымдар;
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан аумағына жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру шектеледі.
Осы талаптарды бұзған немесе орындамаған адамдар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.