Қазақстандық ҮЕҰ өкілдері сайлауды байқау негіздері бойынша семинарға шақырылуда
2020 жылғы 22 желтоқсанда, сағат 11.00-де «ҮЕҰ Академиясы» білім беру жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау негіздерін түсіндіруге арналған семинар өтеді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап Jana-kezen.kz хабарлайды.
Аталған семинар ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтеді. Спикерлер Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын пропорционалды жүйе бойынша ұйымдастыру туралы мағлұмат беріп, сайлауды байқаудың халықаралық стандарттарына тоқталып, Қазақстанда сайлауды байқаудың құқықтық негіздерін түсіндіреді, сондай-ақ Қазақстанда және шетелдегі сайлауды байқау тәжірибесімен бөліседі.
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты және уәкілетті органдардың ұсынымдарына сәйкес семинар онлайн режимде өткізілетін болады.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлауға тәуелсіз бақылаушылар ретінде қатысуға дайын, олардың міндеттеріне «Сайлау туралы» ҚР Заңына сәйкес сайлау процесінің жүргізілуін бақылау кіретін болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, олардың ішінде белсенді жұмыс істейтіндер саны 16 000-ды құрайды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.