Қарағанды облысының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті бекітілді
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары онлайн режимінде өткен кезекті XLІV сессияда алдағы үш жылға арналған басты қаржылық құжатты бекітті. 2021 жылы облыс бюджеті 348 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда, деп хабарлайды Jana-kezen.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол әлеуметтік бағдарланған болып қала береді – бұл соманың 51%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Өңірде пандемия кезеңінде нақты қолдау құралына айналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру жалғасады.
– Шығыс бөлігіне келетін болсақ, бюджеттің жалпы көлемінің 51%-ы әлеуметтік сала шығындарына бағытталады. Әлеуметтік нысандарды жөндеу және олардың материалдық базасын жаңарту жалғастырылады. Бұл мақсатқа бюджетте 9,7 млрд теңге жоспарланған, – деп баяндады қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.
Экономиканың нақты секторының шығыстары 33,6 млрд теңгені құрайды. Бұл соманың үштен бір бөлігі, 10 млрд теңге агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қарастырылған. Кәсіпкерлікті қолдауға 1,7 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Облыста қолжетімді тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы, сондай-ақ әлеуметтік нысандар салу жалғасады.
Людмила Башарина хабарлағандай, Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 2021 жылы жалпы сомасы 21 млрд теңгеге 19 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл ақшаның көп бөлігі денсаулық сақтау нысандарына жұмсалады. Қаражат спорт, білім беру, ТКШ саласына да қарастырылған.
Сессияда депутаттар сондай-ақ Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекітті.
– Бұл облыстың алдағы бесжылдыққа арналған даму жоспарын айқындайтын маңызды құжат. Біз адамдардың әл-ауқатын жақсарту үшін не істеу керектігін өзімізге жүктейміз. Бірде-бір қала, бірде-бір ауыл назардан тыс қалған жоқ. Басты бағыттардың бірі – сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету: әлеуметтік, инженерлік. Жол инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және жаңа инвесторлар тарту – бұл да біздің басымдықтарымызға кіреді, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.