Басты

«ҚазАвтоЖол» өкілдері Шымкент-Ташкент автожолына қатысты шымкенттіктердің сұрақтарына жауап берді

Еліміздегі үшінші мегаполис жұртшылығы ақылы жолдарда тұрақты мобильді байланыс, жол бойында жануарлардан сенімді қоршау және маңызды учаскелерде жарықтандыру болғанын сұрайды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

Шымкентте өткен қоғамдық тыңдауда «Шымкент-Ташкент» (Өзбекстан шекарасы) автожолында ақылы жүйені енгізу мәселесі талқыланды. Төрт жолақты жол қайта жаңғыртудан кейін «І б» санатына ауысты. Енді «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында аталмыш автожолды ақылы қылу жоспарланған.

Ақылы жолдар желісін кеңейту – бұл көпжылдар бойы қолданылып келе жатқан әлемдік тәжірибе. Бүгінде ақылы жолдар Қазақстанда да өзінің тиімді нәтижесін көрсетіп отыр. Жол жүру ақысы есебінен елімізде жол жабыны мен инфрақұрылымның сапасын тұрақты бақылау, жол бойындағы сервисті жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа технологияларын енгізу және жүргізушілерге көмек көрсету жүзеге асырылуда.


Жайлылық пен қауіпсіздік кепілдігі қарпайым тасжолды танымал көлік күре жолына айналдырады, сәйкесінше жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалады, жолға қызмет көрсетумен, жол бойындағы сервис және сауда саласында жаңа жұмыс орындары ашылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері үшінші мегаполис тұрғындарына «Шымкент-Ташкент» жолының қазақстандық учаскесінде тестілік режимде 3 бейнебақылау аркасы жұмыс істей бастағанын хабарлады. Аталмыш жолда «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолындағыдай төлем бекеттері мен шлагбаумдар болмайды. Оңтүстік автобанның айырмашылығы – мұнда төлем қабылдаудың «ашық жүйесі» енгізіледі. Пайдаланушыларға бар болғаны көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша қаржы толтырса жеткілікті. Жол жүру ақысы жүріп өткен жолы үшін ғана автоматты түрде алынатын болады.
Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» өкілдері ақылы жол бойындағы елді мекендердің тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Азаматтар 1 мың теңге төлеп, арнайы өтінішті толтыру арқылы абонемент ала алады, яғни бір жыл көлемінде еш кедергісіз тегін жүре алады.


«Шымкент-Ташкент» (Өзбекстан шекарасы) автожолында ақылы жүйені енгізу бастамасын Шымкент тұрғындары оң қабылдады. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдауға келген азаматтар жобаны іске асыру кезінде бірқатар ескертулер мен ұсыныстарды ескеруді талап етті.
Біріншіден, тұрғындар жол бойында жануарлардан қорғайтын қоршаулар орнатылуын сұрады. Себебі аталмыш автожол халық тығыз орналасқан аймақпен өтетіндіктен, жануарлардың жолға шығып кетуіне жол бермеу шараларын барынша қарастыру қажет.

Екіншіден, қауіпсіздік үшін жол жиегіндегі елді мекендер маңында жарықтандыру, жол пайдаланушыларының жайлығы үшін демалыс орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, жылы дәретханалар, қонақүйлер мен жанар-жағармай құю станциялары қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, талқылауға келген азаматтар «Шымкент-Ташкент» автожолының кейбір учаскелерінде ұялы телефон байланысы нашар ұстайтынына шағымданды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері шымкенттіктердің сұрақтары мен ұсыныстарын толық тыңдап, ақылы жүйені енгізудің өзі – жол бойындағы сервистің дамуына жағдай жасауды көздейтінін және барлық заманауи нысандар алдағы уақытта бой көтеретінін жеткізді.

Ал, ақылы жолдың барлық бөлігінде ұялы байланыс сигналының тұрақты болуы үшін «ҚазАвтоЖол» ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тиісті хат жолдайтынын мәлімдеді.

Шымкент тұрғындарының жол жиегінде орналасқан елді мекендерде жарықтандыру және жануарлардан қорғайтын қоршауларды орнату бойынша ұсыныстары ұлттық компания басшылығына жеткізілетін болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button