Нұр-Сұлтанда «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» әріптестік пен дамудың 30 жылы» атты қалалық Азаматтық форумы өтті. Оның алаңында азаматтық қоғамды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚР АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум үкіметтік емес секторда жаңа трендтер қоятын қоғамдық белсенділерді, мемлекеттік органдар, бизнес-құрылымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығы өкілдерін біріктірді.
Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, Азаматтық бастамалар орталығының басшысы Махаббат Еспенова, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарында азаматтық қоғам қол жеткізген үкіметтік емес сектордың жетістіктерін атап өтті. Бүгінгі таңда республикада «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» табысты жұмыс істеуде, «ҚР-да азаматтық секторды дамыту тұжырымдамасы» стратегиялық құжаты қабылданды, волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың жұмысы жолға қойылды. Бұл барлық жұмыстар ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың тығыз серіктестігінде жүргізілді.
Вице-министр мемлекет азаматтық қоғам институттарын қолдауды бір сәтке де тоқтатпағанын айтты. Өйткені, әлеуметтік сала – ең алдымен мемлекеттің мүддесі.
Форум барысында қатысушылар қоғамдық бақылауды күшейту мәселелерін талқылады. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта министрлік сарапшылармен бірлесіп «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң әзірлеуде.
«Қатаң карантин кезінде өздеріңіз куә болдыңыздар, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық бақылау жүргізу бойынша белсенді жұмыс бастаған алғашқы қалалардың бірі болды. Мұның барлығы – біржақты көмектің көзі емес, екіжақты әріптестіктің нағыз өзі», – деді Б.Тлепов.
Айта кетейік, Қазақстандағы азаматтық форумдар еліміздің қоғам қайраткерлерін біріктіретін дәстүрлі іс-шараларға айналды. Форум 2003 жылдан бастап екі жыл сайын өткізіледі.