Басты

Қарағанды облысында Saryarka онлайн-спартакиадасы басталды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Saryarka онлайн-спартакиадасына бастау берді. Жарыстың ашылуы ZOOM платформасында онлайн-режимде өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

– Биыл біз алғаш рет Saryarka спартакиадасын онлайн түрде өткіземіз. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Елбасы өзінің соңғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлді. Сондықтан біздің онлайн-спартакиада бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Спартакиадаға қатысушылар арасырда жас шектеулері жоқ, оған барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Барлығына сәттілік, ең мықтылар жеңсін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Біріншілікті ұйымдастырушы – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Спартакиада 14-18 қазан аралығында спорттың 9 түрі бойынша өтеді.

– Биыл біз облыстың аудандары мен қалалары арасында спартакиада өткіземіз. Жарыстар спорттың 9 түрінен өтеді, бастапқыда 14 болды, бірақ біз олардың кейбірін алып тастадық. Әр қатысушы, әр аудан және қала өз жарыстарын өткізеді. Спартакиаданы өткізгеннен кейін ұйымдастырушылар барлық спорт түрлері бойынша бас төрешілерге толық ақпарат береді. Қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталады. Аудандар мен қалалар бөлек марапатталады, – деді спартакиаданың бас төрешісі Нұрлан Түсіпов.

Жарыстар шахмат, дойбы, бес асық, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика (жүгіру, орнынан секіру), күш гимнастикасы, пауэрлифтинг (жатып сығылып көтерілу), футбол (доппен жонглерлік ету) және гір спорты сияқты спорт түрлері бойынша өткізіледі. Оған 2 мыңға жуық адам қатысады.

Қатысушылардың жасына келетін болсақ: шахмат пен дойбыда – шектеусіз; бес асықта – облыс тұрғыны 14 жастан бастап; тоғызқұмалақта – 10 жастан асқан ойыншылар; жеңіл атлетикалық жарыстарда балалар мен ересектер қатысады; күштік гимнастикада – 12 жастан зейнеткерлік жасқа дейін; доппен жонглерлік етуде – 8 жастан бастап.

Дойбы, футбол және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар екі кезеңде өтеді: 7-11 қазан аралығында жергілікті жерлерде – аудандар мен қалаларда, 14-18 қазан аралығында – құрама командалардың финалы.

Жүлделі орындарға ие болған қалалар мен аудандардың командалары грамоталармен және медальдармен, дипломдармен және кубоктармен марапатталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button