SocialБасты

НЗМ: Жемісі мол қос жоба

Әлемдік короновирус пандемиясы біздің көптеген жоспарларымызға өзгеріс енгізуге
мәжбүрледі. Дегенмен барлық сақтық шараларын сақтай отырып, мектебіміздегі дәстүрлі жобаларымызды өткізуді жалғастырдық. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының асыға күтетіні – «Бір күн ата-ана жұмысында» және «Екі апта ауылда» жобалары.

Аталмыш жобалар арқылы оқушылар түрлі кәсіп мамандығының қыр-сырына қанығып, ауыл өмірімен жақынырақ танысады.

Жуырда біз өз кураторларымызбен бірлесе отырып, аталған жобалар бойынша атқарған жұмыстары жайлы пікір алмасып, көрген, ойға түйгендерімізбен бөлістік.
Солардың бірі – Іңкәр Қали. Жазғы демалысын Тоқтамыс ауылындағы нағашы ата-
әжесінің үйінде өткізген ол қыз баланың үйренуі тиісті үй шаруасына қатысты көптеген пайдалы істерді меңгеріп алған.

– Ауылға келгендегі алғашқы әсерім – табиғатттың сұлулығы болды. Сонымен бірге
ауыл тіршілігінің қайнаған өмір екендігі де таңғалдырды. Ауылда жүріп әжемнен көп нәрсе үйрендім. Сиыр сауу, үй жағдайында нан пісіру мен үшін таңсық еді. Осы және басқа да қыз бала атқаруға тиісті шаруаларды үйренуге бар зейінімді салдым. Жазғы демалысым пайдалы өтті деп айта аламын, -дейді Іңкәр.

Іңкәр сынды көптеген сыныптастарымыз, атап айтқанда, Сенім Дүйсенова, Мирас
Әмірбеков, Жаннұр Алтынбекова, Аяулым Сайдахметова, Алинұр Толбаев, Дариға Сейітқан, Дильшат Сембаев, Аружан Аманжолова, Аяулым Мерекеевалар ауылда болып, жаңа бір ортаға бейімделіп көрді. Бірі – бау-бақша суғарып, оны күтіп-баптауды үйренсе, енді біреулері төрт түліктің түрлерімен танысты. Тіптен аға, аталарына өрісте мал жаюға да көметесіп, олардың қыстық жем-шөбін жинауға да қолұшын берді.

Ал, Сенім Дүйсенова, Дария Какимжанова, Әділет Задаев, Дариға Сейітқан, Нұрәділ
Орманов, Ералы Мірахенов, Елнұр Оралбеков сынды достарымыз ата-аналарының жұмыс орнына барып, олардың атқаратын жұмыстарына қанықты.

– Анам емханада медбике болып еңбек етеді. Ол нәрестелер мен балалардың
денсаулығын бақылайды. Жұмыс орнына келу арқылы анамның жауапкершілігі үлкен екенін түсіндім. Түйгенім – әр адам өз мамандығын сүйе білгенде ғана жетістікке жете алады, -дейді Мирас өз әсерімен бөлісіп.


Қос жобаның да бізге берер тәлімі мен тәрбиесі мол. Тіптен сыныптастарымыздың
көпшілігі арнайы күнделік те жаза бастаған. Болашақ мамандық таңдау мен ауыл өмірін көзбен көруде жоғарыда аталған жобалар олардың болашағына айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Енді өз тәжірибемізді 7 сыныптағы іні-қарындастарымызбен бөліспекшіміз.

Семей қаласындағы ФМБ НЗМ
8 сыныптың баспасөз координаторлары

Басқа жаңалықтар

Back to top button